Маңғыстауда әйелдерді әлеуметтік қолдау және жастар қауіпсіздігі мәселелері талқыланды
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Әсел Балманованың төрағалығымен әйелдердің жұмыспен қамтылуы, отбасын қолдау және дағдарыс орталықтарының жұмысы, жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу және діни сауаттылықты арттыру мәселелері бойынша облыстық комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ұлбазар Орынбаева баяндама жасады. Ол әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі, отбасын қолдау және дағдарыс орталықтарының атқарған жұмыстары мен осы бағыттағы жүйелі мәселелерге тоқталды.
Келесі кезекте жасөспірімдер мен жастар арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу шаралары және инклюзивті білім беретін мекемелердің жұмысы қаралды. Бұл бағытта облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Несібелі Қуатова, облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мәди Тоқанов және облыстық білім басқармасының өкілі Тәттімбет Жұмалиев баяндама жасады.
Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мәди Тоқановтың айтуынша, жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу жұмысын тек мәселені анықтап, статистиканы талқылаумен шектеуге болмайды. Ең алдымен, оның себептерін түсініп, алдын алу шараларын отбасынан бастау қажет.
-Бала отбасынан ең алдымен екі маңызды сезімді сезініп өсуі керек. Олар махаббат пен қауіпсіздік. Бала өзін жақсы көретінін, ата-анасы оны түсінетінін және қандай жағдай болса да қолдайтынын сезінуі қажет. Бұл ретте отбасындағы тәрбие мен ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың маңызы зор. Баланың қандай ақпарат тұтынатынына, интернетте не көретініне және бос уақытын қалай өткізетініне ата-аналар назар аударуы керек. Сонымен қатар психологиялық дағдарыс пен депрессия тек балаларда емес, ересектерде де кездеседі. Сондықтан бұл мәселені шешуді әрқайсымыз өзімізден, өз отбасымыздан бастауымыз қажет, - деді Мәди Тоқанов.
Бұдан бөлек, әйелдер мен жасөспірімдердің деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсуінің алдын алу бағытындағы жұмыстардың есебі тыңдалды.
Маңғыстау облысының дін істері басқармасының басшысы Батырхан Қуанышбековтің айтуынша, әйелдер мен жасөспірімдер арасында деструктивті діни ағымдардың алдын алу жұмыстары ақпараттық-түсіндіру, психологиялық қолдау және оңалту бағыттарында жүргізіліп келеді.
-Бүгінде діни теріс идеологияның таралуы тек әлеуметтік желілердегі уағыздармен шектелмейді. Ол адамдар арасындағы байланыс, әлеуметтік қолдау және шетелде діни білім алуға ұмтылу арқылы да көрініс табуда. Сондықтан алдын алу жұмыстарын тек ақпарат таратумен шектемей, әр адамның ортасын, отбасындағы жағдайын және психологиялық ахуалын ескере отырып жүргізуіміз қажет. Әсіресе жасөспірімдердің діни сауаттылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу маңызды. Бұл бағытта ата-аналардың да жауапкершілігі жоғары, - деді Батырхан Қуанышбеков.
Жиын қорытындысында комиссия төрағасы Әсел Балманова жауапты мемлекеттік органдарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балаларға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде тапсырмалар берді.