Ақтау мен Қостанай арасында тікелей әуе рейсін іске қосу жоспарланып отыр
OTPANNEWS.KZ. - Қостанай мен Ақтау қалалары арасында тікелей әуе қатынасын іске қосу жоспарлануда. FlyArystan әуе компаниясы жаңа бағыт бойынша рейстерді наурыз айының соңында бастауды көздеп отыр.
Қостанай халықаралық әуежайының басқарма төрағасы Асқар Бекбосыновтың айтуынша, әуе компаниясымен келіссөздер сәтті өткен. Алдын ала жоспар бойынша рейстер аптасына екі рет орындалады.
– Наурыз айының соңында аптасына екі рет қатынайтын ішкі рейсті іске қосуды жоспарлап отырмыз. FlyArystan әуе компаниясымен келіссөздер сәтті өтті, – деді Асқар Бекбосынов.
Жаңа бағыттың ашылуы екі өңір арасындағы әуе қатынасын кеңейтіп, тұрғындарға Ақтау мен Қостанай арасында тікелей қатынауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жолаушылардың уақытын үнемдеп, өңірлер арасындағы туристік және іскерлік байланысты дамытуға ықпал етеді.
Рейстердің нақты басталу күні мен ұшу кестесі қосымша белгілі болады.