«Ұлттық өнерді кейінгі ұрпаққа үйрету керек»: Күміс әженің текеметі көпшілікті тәнті етті
OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында өткен II республикалық текемет басушы шеберлер байқауында Бас жүлдені иеленген Күміс Төремұратқызы ұлттық қолөнерді бала кезінен жанына серік еткен. Сайын ауылының тұрғыны текемет басуды 10 жасынан бастап анасының жанында жүріп үйренген. Бүгінде жетпістің белесіне шыққан шебер үшін бұл өнер – жай ғана кәсіп емес, анадан мирас болған асыл мұра.
Күміс Төремұратқызы байқаудағы жеңісін көп жылғы еңбегінің бағалануы деп қабылдайды. Оның айтуынша, текемет басудың қыр-сырын бала күнінен анасының қасында жүріп меңгерген.
«Текемет басуды 10 жасымнан бастап үйрендім. Екі анамның жанында жүріп, қолғабыс етіп, көзбен көргенімді көңілге тоқыдым. Анамыз: «Істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» деп қасынан тастамайтын. Қазақта «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген сөз бар ғой. Бүгінгі жетістігім – сол кісілердің еңбегінің жемісі. Өзім де солардан үйренген өнерімді көрсетіп, бар шеберлігімді салдым. Еңбегімнің ақталып, бағаланғанына ризамын», – дейді шебер.
Оның айтуынша, текеметтің сапалы әрі көркем шығуы жүнді дұрыс дайындап, оны өз орнымен пайдалана білуге байланысты. Ал әр өңірдің қолөнерінде өзіндік ерекшелік бар. Маңғыстауға тән ою-өрнектердің ішінде шаршыдан шыққан қошқармүйіз, текеметтің шетіне салынатын сыңарөкше және көк түспен боялатын бақанша оюларының орны ерекше.
«Текемет басуда қолдың ептілігімен қатар, әр оюдың өз есебі бар. Бәрін үйлестіріп, өлшемін келтіру керек. Көрермен менің текеметімдегі оюларды көріп, картинаға салынған сурет сияқты екен деп жатты. Мұны өз еңбегіме ғана емес, жалпы текемет өнеріне берілген баға деп білемін», – дейді ол.
Шебер ұлттық қолөнерге жастардың қызығушылығы артып келе жатқанын да атап өтті. Әсіресе, кейінгі жылдары ұйымдастырылған республикалық текемет байқауларының әсері мол деп есептейді. Әр өңірден жиналған жиырмаға жуық шебердің өз жұмыстарын таныстыруы жас буынға үлгі болған.
Байқау барысында Күміс апайға келіндері мен қыздары да көмектескен. Олар текемет жасау үдерісіне қатысып, жүнді қолмен өңдеп, ұлттық өнердің қыр-сырын тәжірибе жүзінде үйренген.
«Қазір жастардың қолынан бәрі келеді. Тек қызығушылық пен ниет болса болғаны. Ұлттық өнерді дамыту үшін Наурыз мерекесінде, Аналар кеңесінің отырыстарында, мектептердегі еңбек сабақтарында, балабақшаларда балаларға жүннің не екенін, бояудың қалай қолданылатынын, ұршықтың қандай мақсатта пайдаланылатынын көрсетіп, үйрету керек. Сонда балалар кішкентайынан танып өседі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бекер айтылмаған. Үйрене алмайтын іс жоқ, ең бастысы – ниет», – дейді ол.
Күміс Төремұратқызы текемет басу – үлкен төзімділік пен ұқыптылықты қажет ететін жұмыс екенін айтады. Киіз басу бірнеше кезеңнен тұрады. Оның ішінде білектеу, қарбу, ұзындау және өңдеу жұмыстары бар. Әр кезең өз ретімен, мұқият орындалғанда ғана сапалы киіз шығады.
Шебердің пікірінше, ұлттық қолөнерді сақтаудың ең тиімді жолы – оны кейінгі ұрпаққа үйрету. Өйткені анадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан өнердің өміршеңдігі де соған байланысты.