Ақтауда Каспий итбалығын қорғауға арналған деректі фильм түсіріліп жатыр
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Ақтауда Каспий итбалығын қорғау туралы «A Tale of Sea Dogs and Other Creatures» атты қазақстандық деректі фильмнің түсірілім жұмыстары жүріп жатыр. Жобаны режиссер Катерина Суворова «Тихий свет» деректі фильм студиясымен бірлесіп жүзеге асыруда.
Қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, фильмде Каспий итбалығының тіршілігі, оның санының азаю себептері және Каспий теңізінің экожүйесінде болып жатқан өзгерістер баяндалады.
Деректі фильмнің басты кейіпкері – осы бағытта ғылыми зерттеулер жүргізіп жүрген қазақстандық ғалым Әсел Баймұқанова. Авторлар ғалымның зерттеу жұмыстары арқылы Каспий фаунасының бірегей өкілі қандай қауіп-қатерлерге тап болып отырғанын және оны сақтаудың неліктен маңызды екенін көрсетуді мақсат етеді.
Фильмде ғылыми деректермен қатар Каспий теңізіне қатысты көне аңыздар мен мифтер де қамтылады. Ғылым, тарих және мәдени мұраны ұштастыру арқылы авторлар теңіз табиғатының өзіндік ерекшелігін ашып, көрерменнің назарын Каспий итбалығын сақтау мәселесіне аударуды көздейді.
Фильм авторлары сирек кездесетін жануардың тіршілігін баяндап қана қоймай, Каспий экожүйесіне жанашырлықпен қараудың маңызын да жеткізуді мақсат етіп отыр.