Конституциялық өзгерістер – ел дамуы мен халық сенімінің негізі
Конституция еліміздің даму жолында жаңа әрі шешуші кезеңнің басталуына негіз қалады. Бұл – өндірістегі ескі жүйені жаңғыртып, жұмысты жаңа талаптарға сай ұйымдастыру секілді, мемлекет басқару құрылымын түбегейлі жаңаша бағытқа бұрған маңызды қадам.
Қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылып, бүгінде елдің болашағына бағытталған заң жобаларын әзірлеуде. Жаңа Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты жасақталып, ең жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі өз жұмысын бастады.
Мұндай өзгерістерді мұнай өндірісімен салыстырсақ, бұл – бір ғана торапты жаңарту емес, бүкіл жүйенің жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді модернизация. Қоғамның әр саласында қолға алынған реформалар уақыт өте келе нақты нәтижесін беріп, халықтың тұрмыс сапасына оң әсерін тигізуде.
Кез келген өндірісте жоспарсыз жұмыс, асығыс шешім мен жүйесіз әрекет нәтиже бермейді. Сол секілді еліміздегі реформалардың басты ерекшелігі – алдын ала ойластырылған жоспар, нақты тәртіп, кезең-кезеңімен жүзеге асыру және бұрынғы тәжірибенің сабақтастығын сақтау. Бұл – тұрақты дамудың, сенімді жұмыстың және ұзақ мерзімді нәтиженің негізгі шарты.
Өйткені күрделі жүйені жаңғырту үшін асығыстық емес, дәлдік; үстірт көзқарас емес, терең талдау; бір сәттік шешім емес, берік стратегия қажет. Өндірістегі әрбір процестің өз орны мен уақыты бар секілді, елдің дамуы да жүйелілік пен жауапкершілікті талап етеді.
Осылайша, Қазақстан қолға алған түбегейлі реформалар арқылы жаңа даму белесіне көтеріліп, тарихи өсудің, өркендеудің және болашаққа нық қадам басудың жаңа кезеңіне жол ашты. Бұл – елдің әлеуетін арттырып, келер ұрпаққа берік негіз қалатын үлкен өзгерістердің бастауы.
Бекжан Өтеғалиев,
“Қаражанбасмұнай” АҚ әлеуметтік
саясат департаменті басшысының орынбасары