Otpan News Logo

Маңғыстауда мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту жобасы іске қосылды

|
20.11.2026 16:28
Маңғыстауда мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту жобасы іске қосылды

АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстау облысында мүгедектігі бар балаларға тұрғылықты жері бойынша оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған жаңа жоба іске қосылды. Бүгін, 20 қарашада Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының Маңғыстау облыстық филиалы «Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» жобасы аясында ақпараттық-түсіндіру шарасын өткізді.


Жобаның негізгі мақсаты – балалардың жеке қажеттіліктеріне сай оңалту қызметтерін үй жағдайында ұйымдастыру және олардың күнделікті өмірдегі белсенділігін арттыру. Бұл, әсіресе, Ақтаудан шалғай елді мекендерде тұратын отбасылар үшін маңызды.


Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы Маңғыстау облыстық филиалының директоры Мусина Муминаттың айтуынша, жоба бұған дейін Қызылорда, Павлодар және Абай облыстарында жүзеге асырылып, еліміз бойынша 691 баланы қамтыған. Енді бастама Маңғыстау облысында да қолға алынды.


– ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы қазіргі уақытта бірнеше жобаны жүзеге асырып келеді. Соның ішіндегі маңызды бастамалардың бірі – мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту жобасы. Қазіргі таңда өңірімізде тірек-қимыл аппараты бұзылған 200-ден астам мүгедектігі бар бала бар. Жоба аясындағы қызметтер осы балаларға бағытталған. Баланың ата-анасы филиалға жүгінгеннен кейін дәрігер-реабилитолог оның денсаулық жағдайын бағалап, қажетті оңалту шараларын белгілейді. Атап айтқанда, арнайы жаттығулар, массаж және баланың жеке қажеттілігіне сәйкес заманауи техникалық оңалту құралдары тағайындалады. Техникалық құралдар мамандардың көмегімен баланың тұрғылықты жеріне жеткізіліп, белгілі бір мерзімге тегін әрі уақытша пайдалануға беріледі, – деді Мусина Муминат.



Жоба аясында балаларға жеке қажеттіліктеріне қарай көпфункционалды мүгедектер арбалары, вертикализаторлар мен жүріс құралдары ұсынылады. Құрал-жабдықтар берілмес бұрын мамандар оларды баланың ерекшелігіне қарай бейімдеп, реттейді. Сонымен қатар ата-аналарға құралдарды қауіпсіз пайдалану жолдары үйретіледі.


Оңалту құралдары берілгеннен кейін де мамандар отбасыларға кеңес беріп, баланың күнделікті белсенділігіндегі өзгерістерді бақылап отырады. Атап айтқанда, баланың өздігінен отыру, сүйеніп тұру немесе қозғалу кезінде ересектердің көмегін аз қажет ету дағдыларындағы ілгерілеу цифрлық күнделікке тіркеледі.


Жоба Қазақстан Республикасында инклюзивті саясатты дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары аясында жүзеге асырылуда. Қажетті құрал-жабдықтар «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қолдауымен сатып алынған.


Жаңа бастама өңірдегі мүгедектігі бар балалардың оңалту қызметтеріне қолжетімділігін кеңейтіп, олардың отбасыларына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.


49
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!