Ақтаулық көпбалалы ана 200-ден астам кітап оқыған
OTPANNEWS.KZ – Алты баланың анасы, кітапхана саласында 15 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Айнагүл Байжанақова кітап оқуды өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған. Бүгінде оның оқыған шығармаларының саны 200-ден асады.
«Поэзия оқу – сүйікті ісімнің бірі. Ал кітап оқығанды бала күнімнен ұнатамын. Көбіне қазақ, шетел әдебиеттерін оқимын. Кітапханашы болып жұмыс істейтініме қуаныштымын. Себебі мұнда келушілерге қызмет етіп, оларға кітап беру – маңызды жұмыс. Кітап оқу арқылы адамның ой-өрісі кеңейеді»,- дейді Айнагүл Байжанақова.
Айнагүлдің кітапқа деген сүйіспеншілігі отбасылық өмірінде де көрініс тапқан. Айтуынша, алты баласының ішінде бесіншісі кітап оқуға ерекше құмар. Анасы балаларының әдебиетке жақын болғанын зор қуаныш санайды.
Қазір Айнагүл Байжанақова Қабиболла Сыдиықов атындағы кітапхананың абонемент бөлімінде қызмет етеді. Мұнда 21 жастан бастап зейнет жасына дейінгі оқырмандарға қызмет көрсетіледі.
Айнагүлдің айтуынша, жыл басынан бері мұнда 36 мыңнан астам адам келген. Күн сайын орта есеппен 25-30 оқырман кітапханаға бас сұғып, сүйікті шығармаларын оқиды немесе үйге алып кетеді.