Otpan News Logo

Буллингке ұшыраған баланың мінез-құлқы қалай өзгереді? Психолог жауап береді

|
25.11.2026 16:34
Буллингке ұшыраған баланың мінез-құлқы қалай өзгереді? Психолог жауап береді

Балалар арасындағы буллингтің алдын алу үшін ең алдымен отбасындағы тәрбиеге, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа және баланың әлеуметтік ортаға бейімделуіне мән беру қажет. Психологтардың айтуынша, баланың шамадан тыс еркелетілуі, ата-ана назарынан тыс қалуы және эмоциялық қажеттіліктерінің ескерілмеуі оның мінез-құлқына әсер етуі мүмкін. Бұл туралы otpannews.kz студиясында психолог Асыл Жақсылыққызы айтты.


Маманның сөзінше, балалар арасындағы қарапайым жанжал мен буллингті ажырата білу маңызды. Қарым-қатынас барысында мінездердің сәйкес келмеуінен туындайтын келіспеушілік бір реттік сипатта болуы мүмкін. Ал буллинг – бір баланың екіншісіне жүйелі түрде психологиялық немесе физикалық қысым көрсетуі.


Психолог буллингтің негізгі себептерінің бірі ретінде отбасындағы тәрбие мен балаға жеткілікті көңіл бөлінбеуін атады. Оның пікірінше, ата-ананың материалдық жағдайды қамтамасыз етуге басымдық беріп, баламен ашық сөйлесуге уақыт таппауы оның эмоциялық қажеттіліктеріне кері әсер етуі ықтимал.

«Қазіргі таңда ата-аналар материалдық жауапкершілікті көп алып алған. Ақша табу, отбасын қамтамасыз ету барысында балаға көңіл бөлінбей қалады. Баламен сөйлесу, қарым-қатынас орнату маңызды. Негізгі түбірі отбасылық тәрбиеге байланысты», – деді психолог.

Маманның айтуынша, қазіргі қоғамда психологиялық буллинг пен кибербуллинг жиі кездеседі. Оның пікірінше, әлеуметтік желідегі агрессия мен қорлау әрекеттері балалардың күнделікті қарым-қатынасына да әсер етіп отыр. Әсіресе, телефон мен теледидарды ерте жастан қолдану баланың ақпаратты қабылдауына және эмоциялық дамуына ықпал етуі мүмкін.


Сондай-ақ психолог буллингке көбіне өз ойын ашық жеткізе алмайтын, өзгелердің көңіл күйіне тәуелді немесе ата-анасының шамадан тыс қамқорлығында өскен балалар осал болуы мүмкін екенін айтты. Мұндай балалар кейде өз шекарасын қорғай алмай, өзгелердің пікіріне тәуелді болып қалады.


Буллингтің белгілерін қалай байқауға болады?


Асыл Жақсылыққызының сөзінше, буллингке ұшыраған баланың мінез-құлқында бірқатар өзгеріс байқалуы мүмкін. Мәселен, кейбір балалар тұйықталып, адамдармен араласудан қашқақтайды. Енді бірі телефонға тәуелді болып, ойын арқылы ішкі эмоциясын шығаруға тырысады. Ал кейбірі керісінше, айналасындағы адамдардың бәріне ұнауға, олардың көңілінен шығуға шамадан тыс күш салады.


Маман ата-аналарға баланың мінезіндегі өзгерістерге бейжай қарамауға кеңес берді. Егер бала өзіне қысым көрсетіліп жүргенін ашық айтса, ең алдымен оны сабырмен тыңдап, кінәламау қажет.

«Бала буллингке ұшырағанын айтып келсе, ата-ана жағдайды одан әрі ушықтырмауы керек. Ең алдымен психологпен кеңесіп, баланың эмоциялық жағдайын қалыпқа келтіру қажет. Сонымен қатар буллинг жасаған баланы анықтап, онымен де жұмыс жүргізу маңызды», – деді ол.

Психологтың пікірінше, мәселені шешу үшін баланы бірден басқа сыныпқа немесе мектепке ауыстыру дұрыс шешім болмауы мүмкін. Себебі бұл оның басынан өткен жағдайды толық еңсеруіне көмектеспейді. Мұндай кезде мектеп әкімшілігі, сынып жетекшісі, психолог және ата-аналар бірлесіп әрекет етуі керек. Қажет болған жағдайда екі баланың да психологиялық жағдайына диагностика жүргізілгені жөн.


Баланың жеке шекарасын қалай қалыптастыру керек?


Сұхбат барысында маман балаларды ерте жастан әлеуметтендірудің маңыздылығына да тоқталды. Оның айтуынша, баланы шамадан тыс бақылау немесе керісінше, тәрбиесіне көңіл бөлмеу оның өз бетінше шешім қабылдауына кедергі келтіруі мүмкін.

«Бірінші кезекте баламен сөйлесе білу керек. Оны өз ойын айтуға, өзін тыңдауға үйрету маңызды. Мысалы, балаға белгілі бір үйірмені таңдамас бұрын, оның өзінен не қалайтынын сұрау қажет. Кейде ата-аналар өздері орындай алмаған армандарын баласы арқылы жүзеге асырғысы келеді. Бірақ баланың да өз қалауы мен таңдауы болуы керек», – деді психолог.

Маман баланың әлеуметтік ортада өзін ұстауды, өзгелермен тіл табысуды және жеке шекарасын қорғауды үйренуі үшін еркін ойынның маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ ата-аналарға балаларымен күн сайын уақыт өткізіп, телефон мен теледидарды қолдануды шектеуге кеңес берді.


Психолог буллингтің салдары тек жәбір көрген балаға ғана емес, оған куә болған басқа балаларға да әсер ететінін ескертті. Сондықтан мәселені тек екі баланың арасындағы келіспеушілік ретінде қарастырмай, бүкіл сыныптың психологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізу қажет.


Оның айтуынша, мұндай жағдайда психологтың ұйымдастыруымен тренингтер мен арнайы жаттығулар өткізу балалардың эмоциясын басқаруына, бір-бірінің сезімін түсінуіне және өзара сыйластық қалыптастыруына көмектеседі.


Сөз соңында Асыл Жақсылыққызы бала тәрбиесінде ата-ана мен педагог арасындағы байланыстың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, екі тарап бір-бірінің беделін сақтап, баланың көзінше өзара сыйластық танытуы керек. Өйткені отбасы мен білім беру ұйымы арасындағы түсіністік баланың қауіпсіз әрі қолайлы ортада қалыптасуына негіз болады.

52
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!