Заман талабына сай
Мен жаңа Конституцияны еліміздің жаңаруына және қоғамдық сананың дамуына ықпал ететін маңызды бастама ретінде бағалаймын. Қазіргі таңда әлемде көптеген өзгерістер болып жатыр. Осындай кезеңде Қазақстанның да заман талабына сай дамып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіріп, азаматтардың қоғамдағы рөлін арттыруы маңызды деп ойлаймын.
Әсіресе жастардың болашағына қатысты мәселелерге ерекше көңіл бөлінуі қажет. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі елдің тірегі. Сондықтан жастардың сапалы білім алуына, жұмысқа орналасуына, кәсіппен айналысуына және өз қабілеттерін жүзеге асыруына кең мүмкіндік берілуі керек. Сонымен қатар отбасы құндылықтарын сақтау, ана мен баланы қорғау, әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері де маңызды орын алуы тиіс.
Менің азаматтық ұстанымым – қандай өзгеріс болмасын, ол халықтың игілігіне бағытталуы керек. Конституция тек қағаз жүзіндегі құжат болып қалмай, әрбір азаматтың күнделікті өмірінде өзінің маңызын көрсетуі қажет. Еліміздің болашағы үшін жасалып жатқан бастамалар нәтижелі болып, Қазақстанымыз дамыған, әділетті әрі өркендеген мемлекетке айналсын деп тілеймін.
Сапарбай Нарымбетов,
Ақтау қаласының тұрғыны