Маңғыстауда «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 13 мыңнан астам адам қаржылық сауаттылығын арттырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырудың маңыздылығына ерекше тоқталып, осы бағыттағы тиімді жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігін атап өткен болатын. Президент тапсырмасын орындау мақсатында «AMANAT» партиясы бастамашы болған «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы еліміз бойынша, оның ішінде Маңғыстау өңірінде де табысты жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облысында «Қарызсыз қоғам» жобасы Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған аудандарында, сондай-ақ Ақтау және Жаңаөзен қалаларында жүзеге асырылуда.
2024 жылы жоба аясында жоспарланған 4 мың адамның орнына 4 548 тұрғын қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан өтіп, арнайы сертификат алды. Оқуға қатысқандардың басым бөлігін әйелдер, оның ішінде төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар құрады. Әсіресе ауыл әйелдері мемлекеттік қолдау шаралары, қаржыны басқару, кәсіпкерлікке қадам жасау, қосымша табыс көздерін табу бойынша жан-жақты ақпарат алды.
Сонымен қатар жоба аясында қатысушылар жеке мәселелері бойынша қаржыгерлер мен заңгерлерден тегін кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.
2024 жылы қаржылық сауаттылық курстары барлық қарызы бар азаматтарға арналса, 2025 жылдан бастап мерзімі 90 күннен асқан несиелері бар тұрғындармен мақсатты жұмыс жүргізіле бастады. Бұл санаттағы азаматтарға тегін заңгерлік көмек ұсынылды. Банктер мен микроқаржы ұйымдарында 90 күннен астам мерзімі өткен несиесі бар азаматтар жобаға қатысу мүмкіндігіне ие болды.
2025 жылға облыс бойынша 12 800 адамды оқыту жоспарланып, оның 70 пайызы онлайн, 30 пайызы офлайн форматта өтті. Нәтижесінде:
• 13 220 адам оқудан өтіп, жылдық жоспар 103,2 пайызға орындалды;
• 6 411 азамат несие төлеудің жаңа, ыңғайлы кестесіне көшті;
• 3 990-нан астам борышкердің банк шоттары мен карталарындағы арест алынды;
• 10-нан астам адамның қарызы толығымен есептен шығарылды.
Жоба аясында барлық ақпарат топтастырылған qogamfin.kz порталы тұрақты жұмыс істеуде. Сайт арқылы курсқа тіркеліп, қаржылық сауаттылық бойынша 23-тен астам тегін сабаққа қол жеткізуге болады. Сонымен қатар портал арқылы өтінім қалдырып, заңгерлер мен қаржы мамандарынан кеңес алу мүмкіндігі қарастырылған.
Жобаға қатысу толықтай тегін. Қарыздарды реттеу, соттан тыс банкроттық рәсімдеу, алаяқтықтан зардап шеккендерге көмек көрсету, несие тарихын талдау және қарыз жүктемесін азайту бойынша кәсіби қолдау көрсетіледі.
«AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын кеңінен насихаттау мақсатында әлеуметтік желілерде (Instagram, Facebook) тұрақты ақпараттық посттар жариялап келеді. Сонымен қатар қала мен аудандарда баннерлер, LED-экрандарда бейнероликтер, қоғамдық көліктерде, әуежайларда аудиожарнамалар, екі тілдегі брошюралар арқылы тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қала, аудан және ауылішілік чаттар арқылы да ақпарат тарату ұйымдастырылды.
Азаматтарға онлайн түрде тегін заңгерлік кеңес беретін call-орталық жұмыс істейді:
• 8 700 023 01 44 (WhatsApp)
• 8 708 808 01 54
• 8 700 855 85 85
• 8 700 099 01 54
Қазіргі таңда «Қарызсыз қоғам» жобасын 2026 жылдан бастап іске асырудың жаңа жұмыс алгоритмі әзірленуде. Жобаның түпкі мақсаты – халықтың қарыз жүктемесін азайтып қана қоймай, азаматтардың табысын тұрақтандыру, қаржылық жауапкершілікті қалыптастыру және елдегі экономикалық тұрақтылықты нығайту.
«Қарызсыз қоғам» жобасы – халықтың қаржылық мәдениетін арттыруға, азаматтарға жеке кеңес беруге, қарызға батудың алдын алуға және жеке қаражатты тиімді басқаруға бағытталған кешенді бастама. Жоба 2023 жылдан бастап «AMANAT» партиясы мен Қазақстан Халық банкінің бірлесуімен іске қосылды.
Айта кетейік, жобаның басты мақсаты – халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру, азаматтарға сапалы әрі қолжетімді қаржылық және заңгерлік кеңес беру. Аталған жобаға 18 жастан асқан Қазақстан Республикасының барлық азаматтары қатыса алады.