Былтыр Маңғыстауда есірткіге қатысты 445 құқықбұзушылық анықталған
«AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Басқосуда есірткіге тәуелділік пен лудоманияның алдын алу, жастар арасында зиянды әдеттерге қарсы күресті күшейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды otpannews.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыс барысында аталған бағыттағы профилактикалық жұмыстардың қазіргі ахуалы мен тиімділігі сараланып, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылын нығайту қажеттігі айтылды. Кеңес мүшелері жастарды салауатты өмір салтына бағыттау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу және цифрлық кеңістіктегі қауіптердің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударды.
Маңғыстау облысы Департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мәліметіне сәйкес, былтыр Маңғыстау облысында есірткіге қарсы 445 құқықбұзушылық анықталған. Көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда төмен болғанымен, мәселе әлі де өзекті. Оның ішінде 82 есірткі қылмысы тіркелген. Заңсыз айналымнан 744 келіден астам есірткі заты тәркіленген.
Былтыр есірткі қылмысына қарсы 761 профилактикалық іс-шара өткізіліп, 23 800 адам қамтылған. Бұқаралық ақпарат құралдарында 670 ақпараттық материал жарияланған. Ақтау қаласының қоғамдық орындарында анықталған 553 граффити жазуы жойылып, есірткі жарнамалаған және сатқан 1 199 интернет-сайт бұғатталды. Сонымен қатар қаржылық ағындарды бақылау бағытында да нақты нәтижелер бар. «Антифрауд» жүйесі арқылы жалпы сомасы 1 млрд 258 млн теңгеден асатын қаражатқа қатысты 10 554 банктік шот бұғатталған, - деді Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Ақылбек Зиноллин.
Бұдан бөлек есірткіге қарсы күрес жүргізуде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті белсенділік танытып отыр. Департамент басшысының орынбасары Ерлан Асқарұлының айтуынша, «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 1 дәріханалық қойма және 8 медициналық ұйым тексерілді. Нәтижесінде фармацевтикалық қызмет талаптарының сақталмауына байланысты 4 мекемеден заң бұзушылық анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. Жалпы сомасы 1 356 540 теңге айыппұл салынды.
Кеңес отырысында лудомания мәселесі де қаралды. Бұл бағытағы жұмысты жүйелендіру үшін оқу орындарында түсіндіру кездесулерін көбейту, бос уақытты тиімді өткізу, ата-аналармен жұмыс жүргізу және интернет кеңістіктегі заңсыз контентке бақылауды күшейту ұсынылды.
Жиын соңында жастарды қолдау жөніндегі кеңестің төрағасы Абзал Марат есірткі мен лудоманияға қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Алдағы уақытта партия алаңында мемлекеттік органдар, ҮЕҰ және еріктілермен бірлескен нақты жобалар іске асады.