Otpan News Logo

Ақтауда инклюзивті білім мен цифрлық технологияларға арналған семинар өтті

|
31.03.2026 15:21
Ақтауда инклюзивті білім мен цифрлық технологияларға арналған семинар өтті

Ақтауда «Асмет Ұлас» жоғары педагогикалық колледжінде инклюзивті білім беру мен заманауи технологияларды ұштастыруға арналған мазмұнды семинар өтті, деп хабарлайды  otpannews.kz. 


Іс-шараға қатысушылар таңғы уақытта тіркеліп, акт залында колледждің өткен жылдардағы жетістіктерін қамтыған «Time Capsule» медиаконтентін тамашалады. Бұл көрініс білім ордасының даму жолын көрсетіп, қатысушыларға ерекше әсер қалдырып отыр. 


Семинардың ресми бөлімі мотивациялық спичтермен басталды. Колледж басшысы Ұлдай Қадырбаева мен облыстық техникалық және кәсіптік білімді дамыту орталығының директоры Мирсат Измухамедов білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар мен инклюзивті бағыттың маңызын атап өтті. Сонымен қатар, колледж бен серіктес ұйымдар арасында инклюзивті кәсіби білім беру бойынша өзара іс-қимыл туралы меморандумдарға қол қойылды. 


Бағдарлама аясында «Fashion Showcase: Колледждің авторлық коллекциясы» таныстырылып, білім мен шығармашылықтың үйлесімі көрініс тапты. Сондай-ақ, Yessenov University өкілі білім беруді цифрландырудағы жасанды интеллекттің рөлі туралы баяндама жасаса, арнайы мектеп мамандары тактильді жүйені дамытуға арналған инновациялық әдістерімен бөлісті. «Mangystau Hub» аймақтық IT-хабы жасанды интеллект құралдары арқылы тең білім беру мүмкіндіктерін арттыру жолдарын көрсетті.


Семинар барысында түрлі бағыттағы шеберлік сабақтары мен көрсетілімдер ұйымдастырылды. Оқытушылар мен студенттер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған бейімделген тапсырмалар, инклюзивті білім берудегі цифрлық технологиялар, геймификация, сондай-ақ VR және жасанды интеллект негізіндегі жобаларды таныстырды. Бұл жұмыстар білім беру үдерісіне жаңа серпін беріп, педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталды.


Іс-шара қорытындысында қатысушылар тәжірибе алмасып, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Семинар инклюзивті білім беру мен цифрлық технологияларды дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналып, педагогтер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

105
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!