Otpan News Logo

Маңғыстау полициясында 50-ден астам ұлт өкілі қызмет етеді

Маңғыстау полициясында 50-ден астам ұлт өкілі қызмет етеді

Маңғыстау облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлерінің қатарында 50-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілі бар, деп хабарлайды otpannews.kz өңірдің полиция департаментіне сілтеме жасап.


Түрлі этнос өкілдерін біріктіретін басты құндылық – ортақ Отанға деген сүйіспеншілік, антқа адалдық және ел тыныштығын сақтау жолындағы жауапкершілік.


Өңір полицейлері күнделікті қызметтерін жоғары кәсібилікпен атқарып, қай ұлттан шыққанына қарамастан бір мақсатқа жұмылған. Олардың басты міндеті – елге қызмет ету, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету.


Ақтау қаласы патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Владимир Качаненко да Қазақстан халқының бірлігі күнінің мәніне тоқталды. Оның айтуынша, ұлты татар болғанымен, Қазақстан азаматы болғанын мақтан тұтады. Алматы қаласында туған ол қазақ қызына үйленіп, бүгінде ел игілігі жолында абыройлы қызмет етіп келеді.


Ал Маңғыстау облысы полиция департаменті Штаб басқармасының бастығы Наталья Владимировна ішкі істер органдарында 25 жылдан бері еңбек етеді. Ақтауда дүниеге келген ол мемлекеттік тілді еркін меңгергенін айтып, қазақ тіліне деген құрметін ерекше атап өтті. Қызмет барысында барлық іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізеді, сондай-ақ қазақша хорларда ән шырқайды.


Қазақстан халқының бірлігі күні – бейбітшілік пен келісімнің мерекесі. Осы орайда маңғыстаулық полицейлер қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға үлес қосып, ел бірлігін нығайту жолында аянбай еңбек етіп келеді.

55
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!