Otpan News Logo

Ақтауда Қазақстан халқының бірлігі күні тойланды

Ақтауда Қазақстан халқының бірлігі күні тойланды

Мерекелік күн керемет ауа райымен қуантты. Жауын-шашынды әрі салқын өткен сәуірден кейін мамырдың алғашқы күні күн ашылып, шуақты болды. Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған негізгі шаралар облыстық Достық үйінің алдында өтті. Маңғыстауда жұмыс істейтін 21 этномәдени бірлестік әрқайсысы өз бағдарламасын ұсынды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Достық үйінің алдында этномәдени бірлестіктердің көрмесі ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары түрлі ұлттардың тағамдарынан дәм татып, олардың мәдениетімен танысуға мүмкіндік алды.


Мәселен, «Салем Намасте» үнді этномәдени бірлестігі ұлттық тағамдарымен қатар, көне үнді аспаптарын да таныстырды.


«Біз Үндістанда бес ғасырдан астам уақыттан бері кең тараған аспапты әкелдік. Бұл – ситар. Сонымен қатар бізде барабан бар – ол Үндістанда дәл Қазақстандағы домбыра секілді кең таралған. Бұдан бөлек, жүз жылдан асқан граммофон да бар. Ал облыстық Достық үйінде шағын Үндістанға еніп, осы елдің мәдениетімен танысуға болады», – деді үнді этномәдени бірлестігінің өкілі Хитеш Вадодария.


Сондай-ақ «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар да кеңінен таныстырылды.

Облыс әкімі жиналғандарды мерекемен құттықтап, елдегі бірлік пен татулықтың маңызын атап өтті және бұл күннің мемлекет өміріндегі айрықша орнына тоқталды.


«Бірлік күні – еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың, өзара құрмет пен келісімнің жарқын көрінісі. Тәуелсіз Қазақстанның ең басты байлығы – халықтар арасындағы бірлік пен татулық. Бұл – Мемлекет басшысы жүргізіп отырған сарабдал саясаттың нәтижесі. Маңғыстау – түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан өңір. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш әрі жауапкершілік», – деді Нұрдәулет Қилыбай.


Шара барысында елдегі саяси жаңғыру, Конституцияға енгізілген өзгерістер, республикалық референдумның маңызы туралы да айтылып, Жаңа Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған бастамалардың стратегиялық мәні атап өтілді.


Мереке аясында дәстүрлі «Бірлік кубогы» шағын футбол турнирінің жеңімпаздары марапатталды. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жеңімпаз командаларға кубок, диплом және ақшалай сертификаттар табыстады. І орынды Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжі, ІІ орынды Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі, ал ІІІ орынды Ақтау технология және сервис колледжі иеленді.

Балалар үшін тоғызқұмалақ пен күрестен жарыстар ұйымдастырылып, қалағандар садақ атуда мергендігін сынап көрді. Кешке жағалауда Ақтау қаласының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен мерекелік концерт өтеді.

43
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!