Otpan News Logo

Көпұлтты Маңғыстаудың күші – бірлікте

Көпұлтты Маңғыстаудың күші – бірлікте

«Бір шаңырақ астында» деген жай ғана сөз емес. Бұл – Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілдерінің татулығы, достығы мен өзара құрметін білдіретін ұғым. Маңғыстау облысында да, еліміздің өзге өңірлеріндегідей, Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді. Бұл құрылым түрлі мәдениетті сақтап, халықтар арасындағы түсіністік пен ашық диалогқа жол ашқан бірегей алаңға айналды.


Маңғыстау өңірі ұлтаралық татулықтың жарқын үлгісі саналады. Мұнда ондаған этнос өкілдері өмір сүріп, аймақтың дамуына және мәдени өміріне өз үлесін қосып жүр. Солардың бірі – өзбек этномәдени бірлестігі. Ұйымды Индира Атажанова басқарады. Бүгінде өзбек қауымы көпұлтты қоғамның ажырамас бөлігіне айналған. Өзбек халқы – бай рухани мұрасы бар, әлем өркениетіне үлес қосқан ғалымдар мен дәрігерлер, ойшылдар мен астрономдардың отаны.


Индира Атажанованың өмірі тек қоғамдық жұмыстармен шектелмейді. Ол – мамандығы бойынша дәрігер-пульмонолог. Күн сайын науқастарға көмек көрсетіп, олардың денсаулығын қалпына келтіруге атсалысады. Әріптестері оны кәсібилігі үшін бағаласа, пациенттері мейірімділігі мен жанашырлығы үшін құрметтейді. Оның өмір жолы – адамдарға қызмет ету мен ұлттық құндылықтарды қатар ұстанудың үлгісі. Жұмысының тығыздығына қарамастан, ол қоғамдық және мәдени шараларға да уақыт табады. Оған күш беретін – отбасы, тәрбиесі мен бала кезден сіңген ізгілікке ұмтылыс.


Біздің этномәдени бірлестік өңірдің қоғамдық өміріне белсенді қатысады. Мемлекеттік және ұлттық мерекелерге орай түрлі мәдени шаралар, көрмелер мен концерттер ұйымдастырамыз. Соның ішінде Наурыз, 1 мамыр, Тілдер күні мен Конституция күні ерекше аталып өтеді. Кейбір шаралар жалпы халықтық деңгейде өтсе, кейбірінде өз мәдениетіміз бен дәстүрімізді кеңірек таныстырамыз. Менің еңбек жолым 2007 жылы Астанадағы медицина академиясын тәмамдағаннан кейін басталды. Сондай-ақ Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқыдым. Кейін елордада жұмыс істеп, 2020 жылы Ақтауға қоныс аудардым. Қазір қаладағы жетекші клиникалардың бірінде қызмет етемін. Биыл өз клиникамды ашуды жоспарлап отырмын. Осылайша кәсіби жұмысымды қоғамдық және мәдени қызметпен қатар алып жүрмін, – дейді «Пахтакор» өзбек этномәдени бірлестігінің төрайымы Индира Атажанова.


Осындай жандар мен ұйымдар «бір шаңырақ астында» идеясының нақты көрінісі іспетті. Өз дәстүрін сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізіп жүрген өзбек этномәдени бірлестігінің мүшелері қазақ халқының мәдениетін де құрметтеп, қоғамдағы татулықты нығайтуға үлес қосып келеді. Сондықтан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні бұл өңірде жай мереке емес, адамдар арасындағы шынайы сыйластық пен бірліктің белгісі ретінде қабылданады.

58
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!