Конституциялық Сот шешімі: азамат құқығы шектелмеуі тиіс
Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттіліктің, заң үстемдігінің және азаматтық қоғамның негізі болып табылады. Конституция әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қорғауға, билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін сақтауға бағытталған.
Осы қағидаттарды қамтамасыз етуде Конституциялық Соттың рөлі ерекше. Оның қабылдайтын нормативтік қаулылары – Конституцияның тікелей қолданылуын және заңнаманың Негізгі Заңға сәйкестігін қамтамасыз ететін маңызды құқықтық актілер.
Конституцияның 72-бабына сәйкес, Конституциялық Сот Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етеді, заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің оған сәйкестігін қарайды.
Мұндай қаулылардың міндетті күші бар және олар барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар үшін орындауға жатады.
Мысалы, Конституциялық Соттың 2024 жылғы 24 желтоқсандағы № 56-НП нормативтік қаулысы азаматтық процестегі кассациялық тәртіпке қатысты маңызды мәселені шешті. Аталған қаулыда сот Конституцияның 13-бабында көзделген сот арқылы қорғану құқығын қамтамасыз ете отырып, азаматтардың сот төрелігіне қол жеткізуіне шектеу қоюға жол берілмейтінін нақтылады. Бұл шешім Конституция нормаларының үстемдігін және азаматтардың құқықтарының басымдығын тағы да айқындай түсті.
Нормативтік қаулылар тек жеке жағдайларды шешумен шектелмей, жалпы құқық қолдану тәжірибесіне бағыт береді. Олар заңнаманы бірыңғай түсіндіруге, сот тәжірибесін тұрақтандыруға және әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге қызмет етеді.
Конституциялық Соттың осындай шешімдері құқықтық мемлекеттің берік іргетасы – Конституцияның шынайы үстемдігін қамтамасыз етудің айғағы болып табылады. Әрбір азамат Конституция нормаларының мәнін, ал мемлекеттік органдар – оның тікелей әрекет етуін терең түсінуі тиіс.
Челпеков Дауылбай Нұрлыбайұлы
Ақтау қаласының прокуратурасы