Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Депутат: Пранк жасайтын блогерсымақтарды жазалайтын кез келді

|
29.10.2025 14:47
Депутат: Пранк жасайтын блогерсымақтарды жазалайтын кез келді
parlam.kz

«AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға әлеуметтік желілерде қауіпті пранктердің кеңінен таралуы туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды otpannews.kz. 


Оның ойынша, қазір қоғамда пранк жасап, әзілдің шекарасынан шыққандар көбейіп кетті. 


- Қазір қоғамда пранкпен парақшасындағы лүпілдің санын арттырғанмен парасат биігінен омақаса құлағандар қаптап кетті. Адамды қорқытуды, қоғамдық орында ақымақтық жасауды қызық көріп әзілдің шекарасынан шығып кеткен әркімдер әлеуметтік желіде әлек салуды доғармай тұр. Нақты мысал айтайын. Астана қаласында блогер достарымен бірге лифттің ішіне «жалған мәйітті» кіргізіп, кейін жарықты өшіреді. Сол сәтте мәйіт кейпіндегі адам қозғала бастайды. Жеделсатының ішінде болғандардың жан даусы шықты. Тағы бір мысал - елорданың тағы бір тұрғыны жеделсатыға тапаншамен кіріп, оны адамдарға кезеп жұрттың зәре-құтын алды. Алматыда блогерлер аула сыпырушыларға қоқыс лақтырып, мазақ етіп бейнежазба түсіріп таратты. Мұндай мысал мың. Желіге желімдей жабысқандар «пранк» деп атайтын бұл әрекеттердің ақылға томпақ екенін аңғару қиын емес, - деді Мәжіліс депутаты.


 Нартай Аралбайұлы шетелге барып абыройды төгіп жүрген «блогерсымақтарды» да сынға алды. 


- Мәселен, қазақстандық блогер Аружан Айбекова Қытайда «ұрлық жасап жатқандай» ролик түсірген. Арты үлкен шу болып, ақыры әлгі қыз жергілікті полицияға шақырылды. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бірақ ол түсінді ме? Өйткені дәл осы блогердің арада аз уақыт өткенде Ташкент метросында жігіттердің қолынан ұстап тиіскені туралы бейнежазба тағы тарады. «Ойыннан да омыртқа сынатынын» білмейтін мұндай блогерсымақтарды қатаң жауапқа тартатын кез келді. Себебі бұл - адамның жеке өміріне - қол сұғу, қоғамдық тәртіпті - бұзу, - деді ол.


Нартай Сәрсенғалиев қазір пранк деген парықсыз әрекеттің тағы бір түрі пайда болғанын, ол жасанды интелекпен жасалатынын атап өтті.


- Бірінде мемлекет басшыларының, лауазымды тұлғалардың қандай да бір дүкенге сауда жасауға келгені бейнеленген. Цифрлық технологияны білмейтін адамның санасы сан саққа жүгіреді, сеніп қалады. Маркетинг үшін деп жасанды интелект арқылы мұндай жасандылыққа жүгінуді тоқтату керек. Тағы бір пранкте балалар ата-аналарына «танымайтын адам үйге келіп тұр, не істейміз?» деп жасанды интелект арқылы беймәлім адамның үйге кіріп кеткен, пәтерді аралып жүрген суреттерін жібереді. Зәресі ұшқан ата-ана полицияға телефон шалады, жұмысын тастап үйіне барады. Ақырында бұл пранк деп бала-шаға бейқам отырады. Дәл сол уақытта полиция шын мұқтаж адамға көмекке баруға үлгермей қалуы мүмкін, оны интернеттің инесіне отырғандар ұқпайды, - деді депутат.


Әлеуметтік желіде тараған пранк түрлерін тізіп шыққан Нартай Аралбайұлы өз ұсыныстарын да ортаға салды. 


- Пранк барысында қоғамдық тәртіпті бұзғандардың бірыңғай тізімін жасап, оны жұртқа жариялау қажет. Қауіпті пранк арқылы адамның ар-намысы мен абыройына қол сұққандардың әлеуметтік желідегі парақшаларын дереу бұғаттау керек. Сондай-ақ, әлеуметтік желі әкімшілерінен қауіпті пранктар мен бейнежазба жарияланған парақшаларды анықтап, уәкілетті органға хабарлауды талап ету қажет. Мұндай теріс құбылыстың алдын алу үшін ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізу керек, - деді ол.
74
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!