Otpan News Logo

«Ана да, әке де телефонды қойып, баламен бірге кітап оқуы керек» – Оразкүл Асанғазы

|
28.11.2026 19:00
«Ана да, әке де телефонды қойып, баламен бірге кітап оқуы керек» – Оразкүл Асанғазы

OTPANNEWS.KZ – Ақтауда мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы «Қоғамдық этика және әлеуметтік желі мәдениеті» тақырыбында баяндама жасап, отбасы тәрбиесі, кітап оқу мәдениеті, үлкенге құрмет пен қоғамдағы қарым-қатынас әдебі туралы ой қозғады.


Баяндамасында ол қазіргі қоғамда балалардың тәрбиесіне ата-ананың тікелей ықпалы зор екенін атап өтті. Әсіресе телефонға тәуелділік пен кітап оқуға деген қызығушылықтың төмендеуі мәселесіне тоқталып, ата-аналарды баламен бірге кітап оқуға шақырды.


«Ана да, әке де телефонды қояйық. Баламен бірге кітап оқиық. Күніге кітап оқыған балада нұрлы ақыл болады», – деді Оразкүл Асанғазы.


Қоғам қайраткерінің айтуынша, кітап – бір адамның ұзақ жылғы еңбегі мен ой-толғанысының жемісі. Сондықтан баланы кітап оқуға баулу оның ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға, өз ойын еркін жеткізуге, өзгелерді құрметтеуге үйретеді. Ол ата-аналарға баланың қолына кітап ұстатып қана қоймай, өздері де үлгі болу керектігін айтты.


Сонымен қатар баяндамашы бала тәрбиесінде мектеп пен ата-ананың өзара түсіністігі маңызды екенін жеткізді. Оның пікірінше, мұғалім мен мектеп басшылығының балаға қатысты айтқан ескертулерін бірден кінәлау ретінде қабылдамай, ортақ шешім іздеу қажет. Ұстаз бен ата-ана бірлесе әрекет еткенде ғана баланың бойындағы жақсы қасиеттерді дамытуға мүмкіндік туады.


Оразкүл Асанғазы қоғамдағы сәлемдесу мәдениетіне де ерекше тоқталды. Оның сөзінше, күнделікті амандасу, үлкендердің халін сұрау, әдепті сөйлеу секілді қарапайым әрекеттер ұрпақ тәрбиесінің негізі саналады. Бүгінде амандасу әдебіне мән бермейтін жастардың көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, бұл мәдениетті отбасынан қалыптастыру қажеттігін атап өтті.


«Барлық адамды жақсы көру керек. Біреуді кінәлама, бүгін өзіңнен бастап. Балаға да, айналаңдағы адамға да жақсы қарым-қатынас көрсет. Барлығы сәлемдесуден басталады. Сондықтан таңертең тұрғанда

Атасы мен әжесімен «Ассалаумағалейкум!» деп  амандасып үйретіңіз. Ата-анасының хал жағдайын сұрап, ізгі-ілтипатын білдіріп үйренуге машықтандыру қажет. Қазір амандаспайтын ұрпақ өсіп келеді. Сәлем - сөз басы. Тәрбиені осыдан бастау керек», – деген ой айтты қоғам қайраткері.


Оразкүл Асанғазы ата-әже, әке-шеше тәрбиесінің маңызын айта келе, баланы бірге кітап оқып, еңбекке баулып, жақсы үлгі көрсету арқылы тәрбиелеу қажеттігін жеткізді.

9
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!