Маңғыстауда Жайдарман жоғары лигасының жеңімпазы белгілі болды
OTPANNEWS.KZ – Маңғыстауда Жайдарман ойындарының жоғары лигасы маусымының финалы өтті. Бәсеке Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Финалдық кезеңде маусым бойы үздік өнер көрсеткен төрт команда бақ сынады. Қатысушылар «Сәлемдесу», «Жамбы ату» және «Жұлдызды көрініс» кезеңдерінде әзіл-қалжың мен тапқырлықтарын ортаға салып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Командалардың өнерін Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Қалампыр Уәзірова, ардагер жайдарманшылар Әлқуат Насухаұлы мен Дәулет Сағынтаев, «Каспий» футзал клубының ойыншылары Нұрсұлтан Таңатұлы мен Райымбек Жұма, актер, республикалық Жайдарман Жоғары лигасының чемпионы Ғалым Махамбетов бағалады.
Қазылар алқасының шешімімен «Hype Models» командасы III орынға, «Не хабар» командасы II орынға ие болды. Ал «Татьяна» командасы маусым чемпионы атанды. Жеңімпаз ұжым келер жылы Маңғыстау облысының атынан республикалық «Чемпиондар лигасында» өнер көрсетуге жолдама алды.
Жалпы биылғы маусым қатысушылардың шығармашылық қабілетін шыңдап, сахналық тәжірибесін арттыруға және жаңа қырынан танылуына мүмкіндік берді.