Ақтау әкімі қала тұрғындарымен кездесті

Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақовтың тұрғындармен кездесуі жалғасуда. Кезекті кездесу 12, 13, 16 және 17 шағынаудандарда өтті. Ашық форматта ұйымдастырылған жиында қала басшысы тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қала әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу барысында азаматтар негізінен тұрғын үй құрылысы, көпқабатты үйлерге газ тарту, абаттандыру, білім беру нысандары – мектеп пен балабақша мәселелерін көтерген. Оның ішінде 16-шағынаудандағы жаңа мектептің қашан пайдалануға берілетіні және балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолдарға жасанды кедергілер орнату қажеттігі туралы сауалдар қойылды.
«16-шағын аудандағы мектептің ашылуын асыға күтіп отырмыз. Сонымен қатар, шағынаудан ішіндегі жолдарда балаларға қауіп төніп тұр. Жасанды жол кедергілерін орнату мәселесін қарастырсаңыз», - деді тұрғындар.
Әбілқайыр Байпақов әрбір сұраққа мұқият көңіл бөліп, бірқатар мәселе бойынша жауап берді. Ал көтерілген өзге де ұсыныстар тиісті жауапты мамандарға жолданып, нақты тапсырмалар жүктелді.
«Биыл екінші тоқсанда 16-шағынаудандағы жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, шағынауданды абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Жоба аясында жол жөндеу, жарықтандыру, жасанды жол кедергілері мен бейнебақылау жүйелерін орнату жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асады, – деді қала әкімі.
Кездесуден кейін Ә.Байпақов тұрғындардың өтінішімен шағынауданды жаяу аралап, жағдаймен көзбе-көз танысты.



