Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Жыңғылды ауылының құрылғанына 95 жыл толды

|
27.10.2025 13:58
Жыңғылды ауылының құрылғанына 95 жыл толды

Маңғыстау ауданында Жыңғылды ауылының 95-жылдығына арналған «Аңыздай ақиқатын шертеді ауылым, Татитын тарихы бар мың жылғыға» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Маңғыстау ауданы әкімдігінің хабарлауынша, ауқымды шараның концерттік бағдарламасы Жыңғылды халықтық драма ұжымының сахналық композициясымен ашылды. 


Аудан әкімі Ғалымжан Ниязов ауыл тұрғындарын Республика күнімен қатар келген мерейлі мерекемен құттықтады, ал ақсақалдар бата берді. 


- Міне, тарихы тереңде жатқан Жыңғылды ауылына 95 жыл толып отыр. Жыңғылды – тарихы терең, табиғаты көркем, талай елге танымал азаматтар түлеп ұшқан киелі мекен. Есімдері ел есінде жаңғырған Айтуған Тайұлы, Есір Айшуақұлы, Алшын Меңдалыұлы, Сәду Нұрниязұлы, Шамығұл Ыбырайымұлы, Қожагелді батыр, Нұрсейіт Бейнеуов, Елбай Қосымбаев, Құлыш, Қожық билер сынды аптал азаматтарды түлеткен түбек. Бұл ауылдың өткені – еңбек пен бірліктің, татулық пен табандылықтың тарихы. Тәуелсіз еліміздің даму жолында Жыңғылды жұртының қосқан үлесі зор. Бүгінгі ұрпақ – сол ата-баба еңбегінің жалғасы. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуы, инфрақұрылымның жақсаруы, жаңа нысандардың бой көтеруі – сіздердің бірлік пен ынтымақтың арқасында жүзеге асып келеді. Мерейтой құтты болсын,-деді Ғалымжан Ниязов.



Шарада қонақтар ауыл шежіресіне арналған шолу кинолентаны тамашалады. Сондай-ақ Жыңғылдының көркеюіне үлес қосқан бір топ азамат марапатталды. 


Мерейтойда «Жыңғылды энциклопедиясы» кітабының тұсаукесері өтті. «Жыңғылды энциклопедиясы» - ауылдың тарихына, дамуына арналған еңбек. Мұнда ауылдың 95 жылда жүріп өткен жолы, азаматтардың сіңірген еңбектері, бүгінге дейін қабылданған маңызды шешімдер сияқты құнды ақпараттар қамтылған. 



Іс-шарада қонақтар үшін арнайы жайылған дастарханнан көпшілік дәм татып, емен-жарқын әңгіме өрбітті.


Мерекелік күннің шарықтау шегі – «Жаңарған туған жер, жаңғырған Жыңғылды» атты гала-концертпен жалғасты. Шара аясында өнерпаздар ән мен күйден шашу шашып, жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады. Концерт соңында ауыл аспанын от шашу жарқыратып, кешке ерекше сән берді.



Ауылдың 95 жылдың мерейтойы 27 қазан күні аламан бәйге, тай бәйге, ақындар мүшәйрасы сияқты іс-шаралармен жалғасады.

26
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!