“Ашық есік” күнінде 9 маңғыстаулыққа онкологияға күдік диагнозы қойылды
Облыстық онкологиялық диспансер мен Маңғыстау аудандық орталық аруханасында «Ашық есік» күні өтті. Оған жалпы саны 93 адам қатысты. Оның ішінде диспансерге – 45, ал аудандық ауруханаға – 48 тұрғын келіп, тегін тексерілді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тексеріс нәтижесінде Ақтауда – 3, Маңғыстау ауданында – 6 адамнан онкологияға күдік диагнозы табылды. Бұдан бөлек тағы 3 адамнан өзге ауру түрлері табылды.
Облыс орталығы мен ауданды қоса есептегенде 42 тұрғын УЗИ, маммографиялық тексеруден 18 тұрғын өтті. Ал төмен дозалы КТ аппаратынан 16 адам диспансерде тексерілді.
Айта кетейік, Маңғыстау ауданында өткен ашық есік күніне облыстық онкологиялық диспансерден профессорлар мен өзге де білікті мамандар қабылдау жүргізді.
Қатерлі ісіктің алдын алу мақсатында жалпы тәжірибелік дәрігерлер, тексеру кабинетіндегі медицина қызметкерлері және дәрігерге дейінгі кабинет мамандарының жұмысына мониторинг жүргізіліп, оларды оқытып- үйрету, ағарту бағытында біршама іс-шаралар жасалды.