Республика күні: Ақтауда өткен отбасы фестивалі аясында ағаш отырғызылды
Ақтауда 25 қазан - Республика күніне орай «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Отбасы Fest» мерекелік іс-шарасында 20-ға жуық түп тал отырғызылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Экологиялық іс-шараға облыстық «Мерейлі отбасы», «Алтын шаңырақ», «Күміс кереге» байқауларының жеңімпаз және лауреат отбасылары мен көпбалалы аналар, жас отбасылар, облыстық аналар, ақсақалдар кеңестерінің өкілдері қатысты. Атап айтқанда, экоакцияға Озғановтар, Шолтамановтар, Қисановтар, Хожахметовтер, Қонарбаевтар отбасылары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы демографиялық саясат жөніндегі жөніндегі комиссия мүшесі Пәния Сармурзина, ардагер ұстаз Рыскүл Игілікова, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлмира Балғожаева, жас отбасылар, үздік оқушы Нұрғиса Бақытбек үлес қосты.
- Біздің жанұяда тазалыққа аса мән беріледі. Әкеміз кішкентай кезімізден тал егу, қоршаған ортаны таза ұстауға тәрбиелеген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына отбасымыздың атынан үлес қосқанымызға қуаныштымыз, - деді республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаты Амалхан Шолтаманова.