Маңғыстаулық спортшы Әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді
ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Манарбек Бисекенов самбодан өткен Әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
25–26 қазан күндері Өзбекстанның Бухара қаласында спорт шеберлері арасында самбодан Әлем чемпионаты өтті. Додада 79 келі салмақ дәрежесінде маңғыстаулық самбошы, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы, ҚР самбо федерациясының вице-президенті Манарбек Бисекенов екінші орынға ие болды.
Чемпионатқа әлемнің 20-дан астам елінен 500-ден аса спортшы қатысты. Маңғыстаулық балуан алғашқы екі белдесуінде Ресейдің тәжірибелі спортшыларын айқын басымдықпен жеңіп, финалға жолдама алды. Шешуші кездесуде ол небәрі бір ескерту айырмасымен ресейлік қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлде иеленді.
Айта кетейік, Манарбек Бисекенов — Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылында туған. 2019 жылға дейін бірнеше самбо және дзюдо күресінен Әлем, Азия, Еуропа чемпиондарын дайындап шығарды. Ол 2019 жылы Кипрде өткен әлем чемпионатында 74 келі салмақта чемпион атанып, алтын медаль жеңіп алған. Ал 2024 жылы Тәжікстан мемлекетінің Душанбе қаласында 79 келі салмақ дәрежесінде өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.
«Бұл жүлде мен үшін — туған жерім Маңғыстаудың және еліміздің спорттағы абыройы мен намысы үшін жасалған еңбектің нәтижесі. Әр жеңіс — қажырлы дайындық пен сенімнің жемісі. Мен еліміздің самбо спортын биікке көтеруді сөзбен емес, іспен дәлелдеуді дұрыс деп санаймын. Әрбір спорт функционері спортты жақсы түсіну үшін, ол спортпен етене араласып, сол ортада қайнауы керек. Еліміздің туын халықаралық аренада биікке көтеру – менің басты мақсатым. Болашақта маңғыстаулық жастардың да әлемдік ареналарда топ жаруына өз үлесімді қосамын», — деді Манарбек Бисекенов.
Маңғыстаулық спортшының бұл жетістігі — Қазақстанның самбо мектебінің жоғары деңгейін және өңір спортшыларының әлеуетін айқын көрсеткен маңызды нәтиже.