“Бочча спорты - қызыма жігер береді”
Ақтауда түркітілдес 5 елдің қатысуымен халықаралық бочча турнирі өтуде. Спорттық іс-шараға барлығы 30-ға жуық спортшы қатысуда, деп хабарлайды, otpannews.kz сайты.
Спорттық жарысқа қатысушылар қатарында Алматыдан келген Іңкәр да бар. Оның анасы бочча – мотивацияның көзі дейді.
“Мен қызым Іңкәрді осы турнирге Алматыдан алып келдім. Бұл – елімізде алғаш рет халықаралық дәрежеде өтіп жатқан турнир. Десек те, бүгінгі дода – біздің алғашқы жарысымыз емес. Бұл спорт түрімен қызымның айналысқанына 4 жыл”,- деді қатысушының анасы Зәуре Итенова.
Іңкәрдің ата-анасы Алматы қаласындағы бочча федерациясының негізін қалаған. Қазіргі таңда әкесі - федерация бапкері. Ал анасы - Іңкәрдің №1 жанкүйері деуге болады.
“Бұл спорт түрі - қызыма жігер береді. Қызым ем алып, дәрі-дәрмек қабылдаудан шаршап, қолын сілтеуге жақын қалғанда бізге бочча көмектесті. Соның арқасында қызымның денсаулығы жақсарып, өмірге құлышынысы қайта оянды”,- деп қосты анасы.
Айта кетейік, бүгінгі халықаралық турнирде облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев қатысушыларды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
“Құрметті қатысушылар мен қонақтар! Баршаңызды ең алдымен мемлекеттік мереке Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Егемендігіміз мәңгілік болып, еліміз дами берсін! Ал бүгінгі іс-шараға қатысушыларға сәттілік тілеймін. Түркітілдес елдео арасында өтіп жатқан бұл турнир - тең мүмкіндік сыйлап қана қоймай, түбі бір түркі елдерінің қайсар рухының дәлелі”,- деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев.
87
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев