Жетібай мен Мұнайшы ауылдарында спорт залдар ашылды

Республика күні қарсаңында Қарақия ауданының Мұнайшы мен Жетібай ауылдарында жаңа спорт залдары ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мусабаев қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай сөзінде жаңа спорт нысандарының жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне және спортқа қызығушылықтарын арттыруға зор ықпал ететініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірлерде бұқаралық спортты дамытуға және жастарды спортқа тартуға ерекше назар аударылып келеді. Бүгін ашылып отырған залдар – соның нәтижесі. Осындай заманауи спорт нысандары арқылы ауыл жастарының денсаулығы нығайып, ел намысын қорғайтын жаңа чемпиондар өсіп шығады деп сенемін, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Ангар типіндегі спорт залдар ауыл тұрғындарына мен жастарға салауатты өмір салтын ұстануға және бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік береді.
Бұрын ауылда спорт залдар ашылғанда тұрғындар «балаларымызды төбелеске үйрететін жер» деп түсінбеген кездер де болды. Тәртіп те, тазалық та ауылдық жерден басталады. Маңғыстаудың ауылдарында жастардың болашағы үшін маңызды нысандар бой көтеріп жатыр. Мұнайшы ауылының халқы, бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Мусабаев.
Әр спорт залдың аумағы – 1488 шаршы метр, және бір мезетте 50 адамға дейін қабылдай алады. Балалар күрес, футбол, волейбол және баскетбол үйірмелеріне қатыса алады.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұған дейін елді мекенде мұндай спорт нысандары болмаған. Олар балалар үшін жаңа спорт залдардың ашылуы қуанышты жағдай деп отыр.
Қазақты әлемге танытатын саланың біреуі - спорт. Осы кешенде біздің ұрпақтарымыз жақсы нәтижеге жетеді деп есептейміз. Қаражатын тауып, іске асуына қолғабыс еткен ел азаматтарына көп рақметімізді айтамыз, - деді Мұнайшы ауылының тұрғыны Ерғали Жақсылықов.
Сонымен қатар, биыл облыс әкімінің тапсырмасымен Жетібай ауылында балалар мен жасөспірімдерге арналған алғашқы спорт мектебі ашылды. Алдағы уақытта жаңадан салынған екі спорт залы осы мектептің қарамағына берілмек.









