Маңғыстауда қорғаушы тергеу изоляторына тыйым салынған зат өткізуге тырысқан

Маңғыстау облысында қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №77 мекемесінде тексеру тобының бақылаушылары тыйым салынған заттарды ішке өткізудің екі дерегін анықтап, жолын кесті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тексеру барысында қорғаушы ретінде келген азаматтың бас киімінен фольгамен оралған ұялы телефонның аккумуляторы мен SIM-карта табылды. Барлық тыйым салынған заттар тәркіленді.
Тағы бір жағдай басқа тергеудегі азаматқа арналған сәлемдемені қабылдау кезінде болды. Сәлемдеме әкелген әйелдің дәрі-дәрмек салынған қара түсті полиэтилен пакетінің ішінен жасырылған ұялы телефон анықталды. Аталған екі факті бойынша материалдар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа жолданды.


