Маңғыстауда Қазақстан есімді екі адам тұрады

Маңғыстау облысында есімі еліміздің атауымен аттас азаматтар тұрады. Солардың бірі - Маңғыстау ауданына қарасты Шебір ауылының тұрғыны Қазақстан Жүзбаев, деп хабарлайды otpannews.kz.
68 жастағы Қазақстан Жүзбаев Шебір ауылында туып-өскен. Мал шаруашылығы саласында абыройлы еңбек етіп, кейін «Қаражанбасмұнай» мекемесінде жұмыс істеген ол бүгінде зейнеткер. Қазіргі таңда 3 қызы мен 1 ұлы бар, немере сүйіп, бейнетінің зейнетін көріп жүр.
Есімімді атам қойған. Сол уақытта бір кісі баласына Маңғыстау деп ат қойып жатыр екен. Сонда атам: «Сен ұлыңа Маңғыстау деп қойсаң, мен бүкіл Қазақстан деп қоямын», - деп менің атымды қойған екен. Сол күннен бастап ел менің атымды естіген сайын таңырқап жатады, - деді Қазақстан Жүзбаев.
Оның айтуынша, өмірінде атына байланысты түрлі қызықты жағдайлар да кездескен, бірақ ол өз есімін ерекше сый деп қабылдайды.
Қайда барсам да, адамдар естіп, күліп жатады. Мен бұған қуанышпен қараймын, себебі елімнің атымен аттас болу - үлкен мәртебе, - деді ол.
Одан бөлек, Жаңаөзен қаласында 59 жастағы тағы бір Қазақстан есімді ер адам тұрады.
Әділет министрлігінің мәліметінше, елімізде «Қазақстан» немесе «Казахстан» есімі 31 адамға берілген. Олардың сегізі Ақмола облысында, жетеуі Қарағанды облысында, үшеуі Қостанай облысында, екеуі Маңғыстау облысында, бесеуі Астанада және екеуі Шымкентте тұрады.
«Қазақстан» есімі - жай ғана сирек кездесетін есім ғана емес, ол - отанға деген шынайы сүйіспеншілік пен мақтаныштың көрінісі.
