Республикалық «Auyl Jastary» форумы: ауыл жастарының жаңа серпіні

2025 жылғы 4 қазан күні Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Нысанбек ауылындағы «Тау самалы» демалыс аймағында республикалық «Auyl Jastary» форумы өтті. Бұл маңызды шара еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған белсенді ауыл жастарын біріктіріп, пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге және жаңа идеялар ұсынуға бағытталған кең ауқымды алаң болды.
Форумның басты мақсаты – жас азаматтардың бастамаларын қолдау, олардың көшбасшылық әлеуетін арттыру, өңір аралық ынтымақтастықты нығайту және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған мемлекеттік басымдықтарды жүзеге асыруға жастарды жұмылдыру.
Іс-шара барысында қатысушылар мотивациялық кездесулер мен пікірталастарға, семинарлар мен тренингтерге қатысып, ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жаңа идеялар ұсынды. Форумның стратегиялық маңызы – ауыл жастарының ел дамуының негізгі қозғаушы күші екенін айқындау.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, салалық министрліктер мен қоғамдық ұйым өкілдері, жастар көшбасшылары, танымал сарапшылар мен блогерлер қатысты.
Маңғыстау облысынан келген «Ауыл» партиясы өңірлік филиалының жастары да форумға белсене қатысты.
Форум барысында ерекше жетістіктерімен көзге түскен жастар мен белсенді тұлғалар марапатталды.
Соның ішінде, «Ауыл» партиясының Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық жасағының студенті Аблаева Айгерим Рахатовна партияның 25 жылдық мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды.
Ал АО «МРЭК» перспективалық даму қызметінің басшысы Коптлеуов Жантлеу Қуанышұлы «Ауыл» партиясының 25 жылдық мерейтойлық медалімен марапатталды.
Форумда сонымен қатар «Ауыл» партиясы өкілі, Хазірет жастар қоғамдық қорының директоры Медеуова Курен Сапаевна спикер ретінде сөз сөйлеп, өзінің жаңа GLAMPING жобасын таныстырып, демалыс орнының мүмкіндіктерін таныстырды.
Республикалық «Auyl Jastary» форумы ауыл жастарының бірігуінің, жаңашылдыққа ұмтылысының және Мемлекет басшысының саясатын саналы түрде қолдайтын белсенді буын қалыптастырудың жарқын көрінісіне айналды.
