Мұнайлыда ветеринарлық пункттердің құрылысы жүріп жатыр

Маңғыстау облысы әкімінің қолдауымен Мұнайлы ауданында ветеринариялық қызмет көрсетудің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2 ауыл мен 5 ауылдық округ аумағында модульді ветеринарлық пункттер салу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаның негізгі мақсаты — ауыл шаруашылығы жануарларына сапалы ветеринариялық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, індеттердің алдын алу және мал басының саулығын сақтау.
Аудан әкімінің орынбасары Нұрхан Мұстафаев және аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асқар Тәжібаев нысандардың құрылыс барысымен танысып, мердігер мекеме өкілдеріне жұмыстың сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударуды тапсырды.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Ветеринарлық пункттер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, қызметкерлерге қолайлы жағдай жасалмақ.
Нысандарды осы жылдың 10 қарашасына дейін толықтай аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл ауыл тұрғындарына ветеринариялық көмекке жедел әрі тиімді қол жеткізуге мүмкіндік береді.
