Жаңаөзенде Жолдау талқыланды: Энергетика, инфрақұрылым және әлеуметтік сала бойынша маңызды жоспарлар аталды
OTPANNEWS.KZ. – Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру жөніндегі арнайы жұмыс тобы Маңғыстау облысына сапары аясында Жаңаөзен қаласындағы «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Жиынға Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев, ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің комитет төрайымы Лаура Ахметнияз қатысып, елдегі басты реформалар мен өңірлік жобаларды тарқатты.
Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев Жолдаудағы «Халықтық құрылыс» пен «Халықтық цифрлық экономика» бағыттарына тоқталып, мемлекеттік қаражаттың жұмсалуы мен әлеуметтік нысандардың сапасын қадағалаудың жаңа тетіктеріне баса мән берді.
«Біздің мақсатымыз – ел экономикасын көтеру. Саяси реформалар ары қарай жалғасып, нақты іске асуда. Цифрлық теңге тетігі арқылы құрылыс жобаларының қаржыландырылуын ашық бақылауға және нысандардың уақытылы аяқталуына қол жеткіземіз», деді депутат.
ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев елдің отын-энергетикалық кешенін жаңғырту, электр желілерін жаңарту және газ өңдеу қуаттарын арттыру жоспарларымен бөлісті.
Сонымен қатар, жиында денсаулық сақтау саласы мен медицина қызметкерлерін қолдау аясындағы шаралар сөз болды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрайымы Лаура Ахметнияз өңірдегі жаңа медициналық нысандардың құрылысы мен осы саладағы жаңалықтарға тоқталды.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында елімізде 70 денсаулық сақтау объектісі салынады. Ақтау қаласында көпбейінді балалар ауруханасы мен оңалту орталығының филиалы салынады», деп атап өтті.
Кездесу соңында жиналғандар өз пікірлерін ортаға салып, ойларымен бөлісті.