Otpan News Logo

МАЭК ұжымына Президент Жолдауының басым бағыттары түсіндірілді

|
13.11.2026 14:50
МАЭК ұжымына Президент Жолдауының басым бағыттары түсіндірілді

Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының (МАЭК) қызметкерлерімен Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында кездесу өтті. Жиынға Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі және Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов, Маңғыстау облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, эколог Кирилл Осин, сондай-ақ «Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Анар Шамшадинова қатысты.


Кездесу барысында спикерлер биылғы Жолдаудың ел болашағы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Елдегі экономикалық реформалар мен әлеуметтік жаңғырудың табысты жүзеге асуы тікелей қоғамдық келісім мен бірлікке байланысты екені сөз болды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жиі көтеріп жүрген қоғамның дамуына кедергі келтіретін кеселдер - есірткіқұмарлық, ойынқұмарлық, отбасындағы зорлық-зомбылық және ысырапшылдыққа қарсы бірлесе күресу қажеттігі айтылды.


Жиында еліміздің көлік-логистикалық әлеуеті мен энергетика саласындағы өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды. Бүгінде Қытайдан Еуропаға бағытталған жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтетіндіктен, шекарадағы өткізу бекеттерінің, соның ішінде Өзбекстанмен шекарадағы «Тәжен» пунктінің өткізу қабілетін арттыру міндеті тұр. Сондай-ақ әлемдік уран өндірісінің 40 пайызын қамтамасыз етіп отырған Қазақстан үшін ішкі электр энергиясы тапшылығын жою мақсатында Атом электр станциясын (АЭС) салудың маңыздылығы талқыланды. Сонымен қатар Кендірліде салынып жатқан жаңа әуежайды іске қосу, транзиттік әуе кеңістігін тиімді пайдалану және ЮНЕСКО тізіміне енген жер асты мешіттері арқылы өңірдің туристік әлеуетін дамыту мәселелері қозғалды.


Кездесу барысында Қазақстан халық кеңесінің мүшесі, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов комбинат ұжымымен кездесудің стратегиялық маңызына және өңірде салынатын жаңа әлеуметтік нысанға кеңінен тоқталды.

- Бүгін біз 3,5 мыңға жуық азамат еңбек ететін Маңғыстау атом энергетикалық комбинатына арнайы келіп, ұжымға Мемлекет басшысының Жолдауын жеткізіп отырмыз. Бұл кезіндегі атом энергетикалық комбинатының ізін жалғаған, дәстүрі қалыптасқан, жоғары санатты әрі білікті мамандар шоғырланған іргелі кәсіпорын. Биылғы Жолдаудың негізгі өзегі - құрылыс пен энергетика саласына тікелей байланысты. Сондықтан ел экономикасын өркендету мен энергетиканы дамыту бағытында осындай кәсіби ұжыммен ақылдасып, дәйекті пікір алмасу біз үшін аса маңызды.
Сонымен қатар Маңғыстау облысында бала туу көрсеткіші өте жоғары болғандықтан, балалар денсаулығына арналған әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту -кезек күттірмейтін міндет. Осы ретте халықтық құрылыс жобалары аясында Ақтау қаласында көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда нысанның орны мен алдын ала сметалық құны белгіленді. Аурухана Ана мен бала орталығының жанынан арнайы бөлінген жер телімінде бой көтеріп, болашақта біртұтас денсаулық қалашығына айналады. Жоба бойынша 350 төсек-орындық аурухана құрамында инфекциялық бөлімше, емхана және заманауи диагностикалық орталық қарастырылған. Барлық озық медициналық жабдықтармен қамтылатын бұл кешеннің құрылысын 2029 жылға дейін аяқтау көзделіп отыр. Жобаның алдын ала болжамды құны 83 миллиард теңгені құрайды, ал нақты сомасы жобалық-сметалық құжаттама толық дайын болған соң белгілі болады,– деді Бекмұрат Жүсіпов.

Жиын соңында комбинат қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтары мен ұсыныстарын ортаға салып, келген қонақтардан нақты жауаптар алды.


Зухра Әбділ-Саттар

11
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!