Облыс әкімі Түпқараған ауданы тұрғындарымен кездесті
OTPANNEWS.KZ. - Бүгін, 13 қараша күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түпқараған ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында аудан әкімі Ербол Дербісов ауданның 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндама жасап, негізгі бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды.
Аудан басшысының мәліметінше, қазіргі таңда аудан халқының саны 42 мыңнан асады. Тұрғын үй құрылысы бағытында жыл басынан бері 111 жеке тұрғын үй пайдалануға берілген.
Білім беру саласында ауданда бір колледж, 12 мемлекеттік және бір жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Үш ауысымды оқыту мәселесі жоқ. Биыл 265 орынға арналған үш жекеменшік балабақша ашылып, аудандағы жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың саны 25-ке жетті.
Білім сапасын арттыру және оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда аудан мектептерінің 90 пайызы робототехника, химия, биология, физика және STEM бағытындағы пәндік кабинеттермен қамтылған.
Спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында биыл қыркүйек айында Сайын Шапағатов ауылдық округінде Сақып Керелбаев атындағы жаңа спорт кешені пайдалануға берілді.
Ал ауыл шаруашылығы бағытында биыл 21 шаруа қожалығы 153,5 гектар алқапқа түрлі дақыл егіп, 3311 тонна өнім өндірді. Егіс алқаптары толықтай тамшылатып суару технологиясымен қамтылған.
Сонымен қатар балық шаруашылығын дамытуға бағытталған инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Қызылөзен ауылында «Red Pearl балық фермасы» ЖШС Swiss Choice Holding SA компаниясының қатысуымен балық шаруашылығы кешенін дамыту жобасын іске асыруда.
Туризм - ауданның даму әлеуеті жоғары бағыттарының бірі. Биыл Жығылған жеріндегі қарау алаңы ресми түрде ашылып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Көгілдір айлақ» аумағында «Caspian Paradise» этноауылы ашылды.
Алдағы жылы «Port Royal» демалыс орнын іске қосу жоспарланып отыр. Жобаның бірінші кезеңінің құрылысы аяқталған. Ал 2027-2029 жылдары екінші кезең аясында 150-184 бөлмеден тұратын, бассейні бар екі қабатты туристік кешен салу көзделген.
Ауданды көгалдандыру аясында NCOC компаниясының демеушілігімен 110 гектар жерге 110 мың түп ағаш отырғызу жұмыстары қолға алынған. Компания бес жыл бойы егілген ағаштарды күтіп-баптауды қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, биыл аудан елді мекендерінде жасыл желек қорын молайту мақсатында 7 мыңнан аса түп ағаш отырғызылды.
Кездесу барысында тұрғындар жол сапасы, ауыз сумен қамту, жұмыспен қамту, санитарлық тазалық, спорт инфрақұрылымы, денсаулық сақтау және өзге де әлеуметтік мәселелерді көтерді.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тұрғындардың әрбір сауалына жеке-жеке тоқталып, көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын түсіндірді. Өңір басшысы тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен мәселелерді назарға алып, оларды шешу бағытында жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне нақты тапсырмалар берді.