Президент Жолдауы: Ақтау теңіз портының еңбек ұжымымен кездесу өтті
Ақпараттық-түсіндіру тобының құрамында Қазақстан халық кеңесінің мүшесі және облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов, облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов, Қазақстан халық кеңесінің мүшесі, эколог Кирилл Осин, сондай-ақ «Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Анар Шамшадинова, Маңғыстау облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры Сейтжан Қожамұратов болды.
Жиын барысында спикерлер Жолдауда көтерілген стратегиялық бастамалар мен ел экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуға бағытталған реформаларға кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, Маңғыстау облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2027 жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енетін әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі жаңашылдықтарды түсіндірді.
Қордан төленетін 5 міндетті әлеуметтік төлем жұмысынан айырылу, еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жүктілік пен босану, бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтім ресми жұмыс істейтін азаматтар үшін толық сақталады.
- 2027 жылдан бастап бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтім демалысында отырған ана өз еркімен жұмысқа мерзімінен бұрын шықса да, әлеуметтік төлем тоқтатылмайды. Жалақы мен жәрдемақыны қатар ала алады. Сондай-ақ, баланың әкесіне де декреттік демалысқа шығу мүмкіндігі сақталған. Төлем ананың табысына қарай тағайындалады.
Ресми түрде жұмыс істеп, әлеуметтік аударымдары төленген азаматтар жұмыстан қандай себеппен шыққанына қарамастан төлем алуға құқылы. Жаңа тәртіп бойынша жұмыссыз ретінде тіркелу мерзімі 2 күннен 13 күнге ұзартылады. Осы уақыт ішінде мансап орталықтары азаматтарды жұмысқа орналастыру және қайта даярлау шараларын жүргізеді. Егер 13 күн ішінде жұмыс табылмаса, 3 ай мерзімге әлеуметтік төлем тағайындалады,-деді Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры АҚ-ның филиалының директоры Сейтжан Қожамұратов.
Кездесу соңында порт қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды.
Зухра-Әбділ-Саттар