«ҚазАзот» ұжымымен Президент Жолдауының басым бағыттары талқыланды
Бүгін «ҚазАзот» акционерлік қоғамында еңбек ұжымымен маңызды кездесу өтті. Жиынның басты мақсаты - Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауындағы негізгі міндеттер мен 2029 жылға дейінгі стратегиялық жоспарларды кәсіпорын қызметкерлеріне кеңінен түсіндіру.
Жиынға Маңғыстау Қазақстан халық кеңесінің мүшесі және облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов, облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов, Қазақстан халық кеңесінің мүшесі, эколог Кирилл Осин, сондай-ақ «Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Анар Шамшадинова қатысты.
Кездесу барысында ел дамуының алдағы басымдықтарына жан-жақты тоқталды. Жиында сөз алған Анар Шамшадинова Жолдаудағы негізгі бағыттарды жүйелеп, халықтың әл-ауқатын арттыру қашанда басты орында тұратынын атап өтті.
Алдағы уақытта Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында елімізде ауқымды жұмыстар қолға алынады. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласында 70-тен астам, білім беру және мәдениет бағытында 50-ден астам жаңа нысан салу жоспарланған.
Сонымен қатар спикер өңірдегі өзекті инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және шағын және орта бизнесті қолдау тетіктеріне ерекше назар аударды.
-Қазіргі таңда шағын және орта бизнестің елдегі жалпы ішкі өнімдегі үлесі 34%-ды құрайды. Бұл көрсеткішті арттыру үшін кәсіпкерлерге бюрократиялық кедергілерді азайтып, жан-жақты қолдау көрсетуіміз қажет. Президентіміз атап өткендей, кез келген реформаның нәтижелі болуы тек ынтымақ пен қоғамдық келісімнің арқасында жүзеге асады, -деді Анар Шамшадинова.
Ал Кирилл Осин өз сөзінде өңірдегі қалалар мен аудандарда, ірі еңбек ұжымдарында Жолдауды түсіндіру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын жеткізді. Ол саяси жаңғыру кезеңінен кейін ендігі басты міндет - экономиканы әртараптандыру, адам капиталын дамыту және заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін өндіріс пен күнделікті өмірге белсенді енгізу екенін атап өтті.
-Біз қазір «Халықтық құрылыс» және «Жаңа цифрлық экономика» сынды екі үлкен қағидатқа сүйенеміз. Әлемде цифрландыру мен жасанды интеллект қарқынды дамуда, біз де сол көштен қалмауымыз керек. Сондай-ақ өңір тұрғындары ретінде экологиялық кодекс талаптарының сақталуы мен инфрақұрылымдық жобалардың сапалы орындалуына бәріміз атсалысуымыз қажет. Бірде-бір реформа халықтың қолдауынсыз сәтті іске аспайды, -деп түйіндеді Кирилл Осин.
Жиын соңы еркін форматтағы пікір алмасуға ұласты.
З.Әбділ-Саттар