Ақтауда дәрігерлер күрделі ота жасап, ана мен баланы аман алып қалды
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облыстық Ана мен бала перинаталдық орталығында 27 жастағы жүкті әйелге шұғыл түрде кесар тілігі отасы жасалды.
Алғашқы жүктілігінің 38-аптасындағы әйел орталыққа толғағы басталғанда келген.
КТГ зерттеу барысында ұрықтың жатырішілік жағдайының нашарлай бастағаны анықталды. Нақты себебін бірден анықтау мүмкін болмағандықтан, ана мен баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеу мақсатында шұғыл түрде ота жасау туралы шешім қабылданды.
“Ота барысында нәрестені алғаннан кейін жатыр қуысын тексеру кезінде көлемі үлкен, жатыр қуысына қарай өсіп, оның пішінін өзгерткен миоматозды түйін анықталды. Осылайша, ұрықтың жатырішілік жағдайының нашарлауына әсер еткен ықтимал себептердің бірі белгілі болды.
Жатыр миомасы – жатырдың бұлшықет қабатынан дамитын қатерсіз түзіліс. Әсіресе, көлемі үлкен немесе жатыр қуысына қарай өсетін миоматозды түйіндер жүктіліктің қалыпты өтуіне кері әсер етуі мүмкін”, деді шұғыл отаны жасаған жоғары санатты акушер-гинеколог Назгүл Даулетова.
Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен жедел қабылданған шешімнің нәтижесінде ота сәтті өтті. Дүниеге салмағы 2950 грамм болатын ұл бала келді. Қазіргі таңда ана мен нәрестенің жағдайы тұрақты.
Бұл жағдай жүктілікті алдын ала жоспарлаудың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетеді. Жүктілікті жоспарлау кезеңінде гинекологтың қабылдауынан өтіп, қажетті тексерулерді уақытылы жүргізу, соның ішінде жатырдың жағдайын бағалау аса маңызды.
Кез келген ауруды ерте анықтау және дер кезінде емдеу ана мен баланың денсаулығына төнетін қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.