Жаңаөзенде «Өзенмұнайсервис» қызметкерлерімен кездесу өтті
OTPANNEWS.KZ. – Жаңаөзен қаласында Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру мақсатында «Өзенмұнайсервис» ЖШС қызметкерлерімен кездесу өтті.
Жиынға Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев, ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрайымы Лаура Ахметнияз қатысты.
Кездесу барысында Жолдауда белгіленген елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары, мұнай-газ саласын жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздік, инфрақұрылымды дамыту және денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Спикерлер өз салалары бойынша алдағы жоспарлар мен жүзеге асырылатын жобаларға тоқталып, Маңғыстау облысында электр және жылу желілерін жаңарту, газдандыру, жаңа медициналық нысандар салу, сондай-ақ медицина қызметкерлерін қолдау бағытындағы жұмыстарды баяндады.
Сонымен қатар мұнайшылардың еңбек құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету, тұрақты жұмыспен қамту және әлеуметтік кепілдіктерді күшейту мәселелеріне назар аударылды.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өңірдің дамуы мен саладағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.