Дәулет ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді
Мұнайлы ауданындағы Дәулет ауылында «Самұрық-Қазына» АҚ бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қолдауымен салынған заманауи спорт кешені ашылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Нысан қордың қолдауымен ашылған елдегі 16-шы спорт кешені болып отыр. Жалпы ауданы 840 шаршы метр болатын екі қабатты ғимаратта екі спорт залы, тренжер залы, жаттықтырушылар бөлмесі және киім ауыстыратын бөлмелер бар.
Бұл кешен әртүрлі спорт түрлеріне қажетті барлық заманауи құралдармен жабдықталған. Мұнда ауыл балалары күрес, дзюдо, баскетбол, волейбол, футбол және басқа да спорт түрлерімен тегін айналыса алады. Нысан құрылысына 112 млн теңге жұмсалып отыр. Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов,Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин, сондай-ақ қоғам өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту мен жастарды салауатты өмір салтына баулуға ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын. Бүгін ашылып отырған бұл спорт кешені – осы бағыттағы нақты нәтижелердің бірі. Мұндай нысандар ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізіп, спортқа деген қызығушылығын арттырады, жаңа чемпиондардың қалыптасуына жол ашады», – деді өңір әкімі.
Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов жаңа нысанның маңызын атап өтті.
«Самұрық-Қазына» қорының негізгі міндеттерінің бірі - өңірлерінде әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамыту. Біз жай ғана нысандар салып қана қоймай, жастар дами алатын, денсаулығын нығайтатын және өз әлеуетін іске асыратын орталықтарды құруға тырысамыз. Бүгін қор қолдауымен 15 спорт кешені ашылып, онда жыл сайын 100 мыңнан астам балалар мен жастар спортпен айналысады», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
«Samruk-Kazyna Trust» қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан Маңғыстау облысында 2020 жылдан бастап 5,3 млрд теңгеге 33 жобаны іске асырған. Биыл «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы аясында шалғай аудандардың 6 мыңнан астам ауыл тұрғыны тегін медициналық және құқықтық қызметтер алған.
Жыл соңына дейін Құлсары қаласының 5 мектебінде инклюзияны қолдау кабинеттерін, Ақтауда аутизмі бар балаларға арналған орталықты, Жаңаөзенде «Ainala» аралас үлгідегі оңалту орталығын ашу жоспарлануда. Келесі жылы Құлсары қаласында заманауи денешынықтыру-сауықтыру кешені және Жаңаөзенде кітапхана-мұражай пайдалануға беріледі.