Жаңаөзенде мұнай құбырлары мен сорғы штангаларын шығаратын зауыт ашылды
Маңғыстау өңірінде мұнай саласына қажетті өнімдерді өндіретін отандық зауыт жұмысын бастады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жаңа зауыт жылына 51 мың тонна ішкі беті арнайы қорғаныш қабатымен қапталған сорғы-компрессорлық құбыр және 540 мың дана сорғы штангасын өндіруге қауқарлы. Заманауи технологиямен жабдықталған мұнай саласы үшін аса қажетті өндіріс орны бір жарым жылда бой көтерді.
Осы зауытты салу туралы алғаш ұсыныс айтылғанда көп адам сенбеген еді. «Көз қорқақ, қол батыр» деген осы. Біз үшін бұл – қуанышты жағдай. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының отандық өндірісті дамыту тапсырмасының аясында жүзеге асырылып отыр. Бизнес өкілдерін Маңғыстауға келіп, инвестиция салуға шақырамын. Егер өнім бәсекеге сай және бағасы дұрыс болса, мұнай компаниялары оны алуға дайын, – деді Нұрдәулет Игілікұлы.
Зауытта Жаңаөзеннің 250 тұрғыны жұмыспен қамтылатын болады. Олар арнайы оқудан өтіп, кезең-кезеңімен қызметке қабылданады. Серіктестік бас директоры зауыт қазіргі нарықтағы ең сапалы өнімдерді шығаратынын айтып отыр.
Инвестиция көлемі 17,3 миллиард теңгені құрайды, оның 12 миллиарды «Халық» банкі арқылы, 5,3 миллиарды өз қаражатымыздан салдық. Зауыт жерүсті және жерасты жабдықтарының барлық түрін өндіреді және Маңғыстау өңіріндегі мұнай компанияларының қажеттілігін толық өтейді. Ал Жаңаөзеннің жергілікті тұрғындарын жұмыспен қамту басты мақсатымыздың бірі, - деді "Каскор-Машзавод" ЖШС бас директоры Жандос Ғазиз.
Зауытта қызметкерлер вахталық әдіспен жұмыс істейді. Олардың жайлы тұруы үшін арнайы жатақхана салынған. Айта кетейік, бұл – Республика күні қарсаңында Маңғыстауда іске қосылған сегізінші жоба.