Маңғыстау облысының құрметті дәрігері Бисенғали Нұғманов қайтыс болды
Ақтауда 81 жасында Маңғыстау облысының денсаулық сақтау саласына жарты ғасырдан астам уақытын арнаған құрметті дәрігер Бисенғали Сейткәліұлы Нұғманов өмірден өтті.
Бисенғали Нұғманов 1944 жылы дүниеге келген. 1967 жылы Астрахан мемлекеттік медициналық институтының емдеу факультетін тәмамдаған. Оқу орнын бітірген соң Мәскеуде әскери-дала медицинасы бойынша жедел курстан үздік бітіріп, Қиыр Шығысқа әскери қызметке жіберілген.
1974 жылы Бисенғали Сейткәліұлы Маңғыстау өңірінің Ақшымырау ауылында тіркелген алғашқы холера ошағын тоқтатуға белсенді атсалысты. Ол дала жағдайында карантин ұйымдастырып, індеттің таралуына жол бермеді.
Кейін Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласына қоныс аударып, Маңғышлақ облыстық ауруханасында терапевт болып еңбек етті. Бір жылдан соң Шевченко қалалық емханасының бас дәрігері қызметіне тағайындалды.
1978–2001 жылдар аралығында облыстық аурухананың кардиология бөлімінің меңгерушісі, облыстық консультативтік емхананың жетекшісі және Ақтау қаласындағы психоневрологиялық интернаттың директоры қызметтерін атқарды.
2001 жылдан зейнет демалысына шыққанға дейін Ақтау қаласындағы облыстық туберкулёзге қарсы диспансердің бөліміне жетекшілік етті. Оның бастамасымен өңірде алғаш рет дәріге төзімді туберкулезбен ауыратын науқастарға арналған арнайы бөлімше ашылды. Сонымен қатар ол кардиолог ретінде науқастарды қабылдап, функционалдық диагностика бөлімінің жұмысын қадағалады.
1975–1977 жылдары Бисенғали Нұғманов қалалық еңбекшілер кеңесінің депутаты болып сайланды, фтизиатрия саласы бойынша маманданды, сондай-ақ резервтегі дәрілермен емдеуге жіберілетін науқастарды іріктеу жөніндегі комиссия құрамында болды.
Әріптестері оны кәсіби білікті, жауапты және адал дәрігер ретінде еске алады — ол бар өмірін адамдардың денсаулығына арнаған жан еді. Көп жылдар бойы еңбегі үшін денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық ұйымдардың алғыс хаттарымен марапатталған.
28 қазан күні сағат 12:00-де 29-шағынаудандағы «Palazzo» мейрамханасында Бисенғали Нұғмановтың өмірден өткеніне 7 күндік асы беріледі. Ұрпақтары оның жарқын бейнесін еске алып, рухына дұға бағыштауды қалаған барша ағайын-туыс, дос-жаран мен әріптестерді осы күні бірге болуға шақырады.