Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Маңғыстауда 16 қоқыс полигоны экологиялық талапқа сай емес

Маңғыстауда 16 қоқыс полигоны экологиялық талапқа сай емес
inbusiness.kz

Маңғыстау облысында 42 қоқыс полигоны бар, оның 16-сы санитарлық және экологиялық талаптарға сай емес. Бұл туралы облыс прокуратурасының үйлестіру кеңесінде айтылды. Кеңес барысында 207 компанияға мемлекеттік бақылау жүргізілгенімен, қоршаған ортаға теріс әсері туралы бірде-бір хабарлама жолданбағаны сөз болды. Сол себепті бюджетке қаражат түспеген, ал салық органдары тиісті шара қолданбаған, деп хабарлайды otpannews.kz


Қоршаған ортаға теріс әсер ететін нысандар әсер деңгейіне қарай төрт санатқа бөлінеді: I, II, III және IV. I санатқа – ең жоғары әсер ететін және үздік қолжетімді технологияларды пайдаланатын нысандар, II санатқа – орташа әсер ететіндер, III санатқа – аз әсер ететіндер, ал IV санатқа – минималды әсер ететіндер жатады. Маңғыстауда III санатқа 83 кәсіпорын, II санатқа 199 кәсіпорын тіркелген.


- Қоршаған ортаға әсер ету санаттарын бастапқыда профильдік департамент анықтауы тиіс еді. Алайда, іс жүзінде оны операторлардың өздері белгілеп алған. Бұл кейбір кәсіпорындарға салық төлемдерінен босатылуға және бақылаудан шығуға мүмкіндік беретін. Қазіргі уақытта бұл әрекет тоқтатылды, – деді Маңғыстау облысы прокуратурасы басқармасының басшысы Мерген Мендіғалиев.


Сонымен қатар, прокурорлар мемлекеттік сатып алулардың қоршаған ортаға әсерін де бақылауға алу қажет екенін атап өтті. 


- Мемлекеттік сатып алу тапсырыс берушілері мен мердігерлерден қоршаған ортаға теріс әсері үшін ешқандай төлем түспеген. Бұл төлемдер мемлекеттік органдардың мойнында қалып отыр. Біз конкурс құжаттарына мердігердің заңнаманы орындамауы үшін жеке жауапкершілігін енгізуді және мердігердің қажетті төлемдерді өз қаражаты есебінен жасауға міндетті екенін қосуды ұсынамыз», – деді прокурор.


Жиында облыстағы қоқыс полигондары туралы да толық ақпарат берілді. Өңірде барлығы 42 полигон бар, оның 16-сы санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейді. Соңғы екі жылда 15-тен астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.


Прокуратура мен мамандар қоқыс полигондарын қайта санаттау, кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін есепке алу және заң талаптарын толық орындауды қатаң бақылауға алуды жоспарлап отыр.

86
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!