Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Маңғыстаудың мәдениет саласының даму әлеуеті жоғары

|
24.10.2025 17:06
Маңғыстаудың мәдениет саласының даму әлеуеті жоғары

25 қазан - Республика күні - Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуының бастауы болған тарихи маңызды күн ретінде ұлттық мәртебе ие. Ел егемендігін еншілеген тұстан бері мемлекет құрылымында маңызды өзгерістер мен айтулы оқиғалар орнады. Соның ішінде қазақ мәдениеті жаңа кезеңге қадам басты. Маңғыстау облысының мәдениет саласында осы жылдар аралығында халықтың рухани байлығы мен мәдени өрісін кеңейту бағытында кешенді іс-шаралар жүзеге асты, деп хабарлайды otpannews.kz.


Биыл Ақтау қаласының түркі әлемінің мәдени астанасы болуына орай жыл басынан бері облыста 5800-ден астам мәдени-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды. Жылдың басты жобасы - «Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы» аясында халықаралық және республикалық деңгейдегі 30-дан астам ауқымды мәдени іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, «Амал» мерекесі халықаралық деңгейде атап өтіліп, бауырлас елдерден меймандар келді. 22 наурыз күні Ақтауда 5000 адам ұлттық киіммен жиналып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. «Best Fest Nauryz» фестиваліне 5500-ден астам адам қатысып, ұлттық мұраны әлемге насихаттады. 4–6 сәуір аралығында Түркі әлемі мәдениет министрлері, ТҮРКСОЙ өкілдері, елшілер қатысқан ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға 1149 өнерпаз қатысып, 150 мыңнан астам көрермен жиналды. «Түркі биінің ырғағы», «Елдік пен ерлік жыры», «Халықаралық вокалды-инструменталды ансамбльдер фестивалі», қолөнершілер жәрмеңкесі, опера кеші, «ModelCup–2025» модельдер байқауы сынды шаралар ұлттық өнер мен заманауи бағыттарды үйлестіріп, Маңғыстауды түркі әлемінің мәдени орталығына айналдырды. 



«Түркі жас қаламгерлері», «Жұмбақ бояулар» суретшілер симпозиумы, «Үркер» анимациялық фестивалі, «Мейірімді Түркі әлемі» ерекше балалар фестивалі, қуыршақ театрларының халықаралық фестивалі, ТҮРКСОЙ театр фестивалі, фотосуретшілер экспедициясы – барлығы шығармашылықтың жаңа белесін көрсетті. Маңғыстаудың ұлы тұлғалары — Әбіш Кекілбайұлы, Серікбол Қондыбай, Бекет Ата мұрасына арналған ғылыми конференциялар мен шығармашылық кештер өтті. Нұрмұхан Жантөрин атындағы театр мен Маңғыстау облыстық қуыршақ театры «Көрұғлы», «Кісі+лер», «Арыстан патша», «Аш көз қоян», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Той» сынды бірқатар жаңа премьера ұсынды. Маңғыстау облысы биыл мәдениет саласында ауқымды серпіліс жасап, Түркі әлеміне ортақ мәдени кеңістіктің бел ортасынан орын алды. Ақтау қаласының «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесі — өңірдің тарихи, рухани, мәдени әлеуетін жаһандық деңгейде танытуға үлкен мүмкіндік берді.


ІІІ халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестивалі ұйымдастырылды. Халықаралық мәдени шараға түркітілдес жеті мемлекеттен тоғыз театр ұжымы қатысты. Түркі елдерінің театр жетекшілері «Түркі әлемі театрлары: мәдени ықпалдастық, шығармашылық байланыс және заманауи даму бағыттары» тақырыбында пікір алмасты. Фестивальге Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия, Түрікменстан және Қазақстан театрларының үздік ұжымдары қатысып, өз елдерінің сахна өнерін танытты. Фестивальдің жабылу салтанатында қатысушы театрларға түрлі аталымдар бойынша жүлделер табысталды. 

Сондай-ақ, Ақтау қаласында тұңғыш рет түркі халықтарының «Қорқыт ата» кинофестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға Әзербайжан, Түркия, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия мен Қазақстаннан 250-ден астам өнер майталманы қатысты. Фестивальде отандық жұлдыздармен қатар шетелдік кино майталмандары да бой көрсетті. Олардың қатарында танымал түрік актері Бурак Озчивит бар.



Сонымен қатар, IV Түркі әлемі музейлерінің кездесуі – «Тас ескерткіштері – түркі әлемінің ортақ мұрасы» халықаралық симпозиумы өтті. Іс-шараға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Венгрия және Кипр мемлекетінен ұлттық музей директорлары, белгілі ғалымдар мен музей саласының жетекші мамандары қатысты. Пленарлық отырыс пен төрт секциялық талқылауда музей ісінің заманауи тәжірибесі, түркі өркениетінің ғылыми зерттелуі, мәдени туризм мен дала мұрасының сақталуы тақырыптары кеңінен қозғалды. Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Түркілердің кілем тоқу өнері» атты халықаралық көрме ашылды. 


Мәдениет саласын дамытуда облыс аумағындағы мәдени нысандарды жаңа заман талабына сай жаңғырту маңызға ие. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы аумағында мәдени нысандардың материалдық-техникалық базасын қайта құрылымдау, жаңа нысандар салу ісі жоспарға сай жүзеге асып жатыр. Соңғы үш жылда облыс бойынша 6 жаңа мәдениет нысаны салынды, ал 50 нысан жөндеуден өтті.

78
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!