Ақтауда Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтті
Бүгін Ақтауда Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Мерекелік рәсім аясында Мемлекеттік Ту көтеріліп, еліміздің Мемлекеттік Гимні орындалды.
Ауқымды іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай және аймақтың ардагерлері, жастар ұйымдарының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Шара ерекше патриоттық рухта өтіп, қатысушылар еліміздің тәуелсіздігі мен бірлігінің символы - көк байрақ алдында құрмет көрсетті.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өз сөзінде Республика күнінің маңыздылығына тоқталып, өңір тұрғындарын мерекемен құттықтады
«25 қазан – халқымыздың азаттыққа, дербес мемлекет болуға ұмтылысының жарқын көрінісі. Бұл күн – тәуелсіздікке бастар тарихи жолдың бастауы. Біздің басты міндетіміз – егемендігімізді сақтау, ел бірлігін нығайту және келер ұрпаққа мақтанышпен жеткізу. Барша маңғыстаулықтарды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!» - деді өңір басшысы.
Мерекелік шара соңында қатысушылар Туға тағзым етіп, еліміздің болашағы мен өркендеуі үшін бірлік пен ынтымақтың маңызын атап өтті.