Ақтауда «Жергілікті әскери басқару органдары» туралы кітап таныстырылды
Ақтауда Маңғыстау облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті әзірлеген «Жергілікті әскери басқару органдары» атты естелік кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шара Республика күнімен тұспа-тұс ұйымдастырылып, тарихи маңызы зор датада ел қорғанысын қамтамасыз етіп жүрген әскери құрылымдардың еңбегіне құрмет көрсетілді.
Салтанатты басқосуда Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің тарихы мен құрылымдары туралы бейнеролик көрсетілді. Қатысушыларға өңірдегі әскери басқару органдарының қалыптасу және даму кезеңдері туралы деректер ұсынылды. Бүгінде департамент құрамында Ақтау, Жаңаөзен, Қарақия, Түпқараған, Мұнайлы, Маңғыстау және Бейнеу аудандарында жұмыс істейтін алты бөлім бар.
Мерекелік шарада құттықтау сөзді ҚР Қарулы Күштерінің ардагері Жұмабай Табынаев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары ТІлек Жеткізгенұлы және облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Руслан Балтемиров сөйлеп, құттықтады.
«Баршаңызды елдігіміздің іргесін бекітіп, бірлігімізді нығайтқан, тарихи мәні терең Ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Республика күніне тұспа-тұс келген Қарулы күштері ардагерлерінің Маңғыстау облысының «жергілікті басқару органдары туралы» естелік кітабы жарық көріп отыр. Бұл еңбек – еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету жолында жергілікті басқару органдарының атқарған қызметінің айқын айғағы. Кітапта ел мен жердің тыныштығын сақтау ісінде еңбек еткен азаматтардың өмір жолы мен ерлік істері көрініс тапқан. Мұндай еңбектер – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде, елге адал қызмет етудің жарқын үлгісін танытатын баға жетпес мұра. Бұл естелік кітап – тарихтың бір парағы, ұлт рухының айнасы. Ол өткенді бағалап, болашаққа сеніммен қадам басуға шақырады», - деді Тілек Жеткізгенұлы.
Кейін естелік кітаптың тұсауы кесіліп, жобаның маңызын айқындайтын бейнеролик LED-экраннан көрсетілді.
Іс-шара барысында бірқатар әскери қызметкерлер мен ардагерлер Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ өмірден озған ардагерлердің еңбегі еске алынып, олардың жұбайларына ҚР Қорғаныс министрлігі мен облыс басшылығы атынан алғыс хаттар табысталды.