Нұрдәулет Қилыбай маңғыстаулық құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады

Ақтауда ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына және Құтқарушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды otpannews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, төтенше жағдайлар органдарының ардагерлері мен қызметкерлері, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері, қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан азаматтардың туыстары қатысты.
Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай жиналғандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, қызметтік борышын адал атқарып жүрген құтқарушыларға ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ құтқарушылардың қоғамдағы рөлі мен еңбегінің маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысы ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген азаматтардың еңбегін әрдайым жоғары бағалайды. Біз де өз тарапымыздан сіздердің қызмет жағдайларыңызды жақсарту, материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеміз. Ерен еңбектеріңізге айтар алғысымыз шексіз. Сіздер күн-түн демей, қыс-жазға, жауын-шашын мен боранға қарамастан, өз өмірлеріңізді қатерге тігіп, халық игілігі үшін қызмет етесіздер. Маңғыстауда 800 мыңнан астам тұрғын болса, мен солардың әрқайсысын жүрегінде құтқарушы рухы бар жандар дер едім. Себебі төтенше жағдайда көрші өңірде немесе тіпті өзге елде қиындық туындаса да, сіздермен бірге халық та иық тірестіре әрекет етуге дайын. Төл мерекелеріңіз құтты болсын!» – деді облыс әкімі.
Мерекеге орай бірқатар қызметкер мен ардагер Маңғыстау облысы әкімінің алғыс хатымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мерекелік медальдарымен және грамоталарымен марапатталды.








