Ақтауда КТС құрылысы жыл соңына дейін аяқталады
Ақтаудағы кәріздік тазарту станциясының (КТС) құрылысы биылғы жылдың соңына дейін толық аяқталады деп күтіліп отыр. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қала тұрғындары көптен бері мазалап жүрген жағымсыз иістен арылуы мүмкін, деп хабарлайды otpannews.kz.
Еске сала кетейік, өткен және биылғы жазда ақтаулықтар ауадағы өткір иіске шағымданған болатын. Аммиак иісіне ұқсас бұл иіс КТС-2 аймағынан тараған. Мұнда кәріз сулары тиісті тазартусыз төгілген. Жоба бойынша нысанда көпсатылы сүзгі жүйесі орнатылып, ағынды сулар биологиялық және химиялық әдістермен тазартылуы тиіс еді. Алайда іс жүзінде лас сулар далаға ағызылып, соның салдарынан үлкен көл пайда болған. Бұл жағдай қоғамдық наразылық тудырып, қаланың туристік имиджіне де кері әсер еткен.
КТС-2 құрылысы алғаш рет 2018 жылы басталған еді. Алайда мердігер компанияның банкрот болуына байланысты жұмыс тоқтап қалған. Өткен жылы құрылыс қайта жанданып, енді оны биыл аяқтау жоспарланып отыр.
«Бұған дейін пайдалануға берілген кәріздік тазарту станциясы прокуратура органдары тарапынан тексерілмеген. Жыл соңында жаңа нысанның жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігі тексеріледі. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, жобаға шамамен 9 миллиард теңге бөлінген», - деді Маңғыстау облысы прокуратурасының басқарма бастығы Мерген Меңдіғалиев.