Жаңа жылда музыкалық-драма театрдың репертуары толықты
Биыл өңірлік музыкалық-драма театры көрермендер үшін алты премьера дайындауда. Репертуарда балаларға арналған ертегі, сондай-ақ қазақ және әлем классикасының туындылары бар, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
2025 жыл музыкалық-драма театры үшін табысты жыл болды. Гастрольдік сапарлар, премьералар, фестивальдар мен басқа да рухани-мәдени іс-шаралар жоғары деңгейде, әрі кең ауқымда өтті. Актерлердің еңбегі еленіп, театрдың беделі артты. Жұмысы жоғары бағаланған әртістер қатарында тәжірибелі актер Рамазан Ақтаев бар. Ол Джордж Оруэллдің шығармасы бойынша қойылған спектакльде «Белгісіздің» бейнесін шебер сомдап, «Жыл актері» атағына ие болды.
Жыл соңында Алматыда "Жыл актері" марапатын алдым. Бұл мен үшін өте үлкен, баға жетпес және өте қымбат марапат. Біз 2025 жылды өте жақсы аяқтадық. Енді келер жылдан үмітіміз зор. Шақырылған режиссерлермен жақсы жұмыс істейміз деп ойлаймын», — деді Н. Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының әртісі Рамазан Ақтаев.
Майра Бақбердиева «Музыкалық-драма театрының жылдың үздік актрисасы» атағына ие болды. Ол 22 жыл бойы театрдың дамуы жолында жемісті еңбек етіп келеді. Талантты актриса биыл да көрермендерді рухани мазмұнды, әрі жарқын қойылымдармен қуантуды көздеп отыр.
Шығармашылық ұжым ақпан айында Түркияға аттанып, халықаралық театр фестивалінде «Зілзала» спектаклін ұсынады. Фестиваль әйелдер драматургиясына негізделген. Сонымен қатар биылғы қойылымдарды сәтті жүзеге асыру үшін Маңғыстау облысына арнайы отандық және шетелдік режиссерлер шақырылмақ.
«Елімізде де, шетелде де Қазақстанда спектакль қойып жүрген режиссерлер бар. Мысалы, 2025 жылдың қазан айында Тәжікстаннан Барзу Абдураззаков есімді режиссерді шақырдық. Ол біздің үлкен сахнамызда "Өртеушілер" спектаклін қойды», — деді Н. Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының директоры Айдос Тастаев.
Айта кетейік, өткен жылы театр сахнасында «Арыстан патша» (Король Лев), «Махаббат, қызық мол жылдар», «Той» сияқты спектакльдер қойылды. Бүгінде театр репертуарында 130-ға жуық қойылым бар.