Бейнеуде инженерлік желілер жаңартылды
Бейнеу ауданында газ, су және электр желілері толық жаңартылды. Атап айтсақ, тоғыз көшені талапқа сай газбен қамтамасыз ету мақсатында 2 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Сондай-ақ, Сыңғырлау және Төлеп ауылдарында газ құбырының құрылыс жұмыстары аяқталып, елді мекендер толықтай газ жүйесіне қосылды. Қазіргі таңда газ құбырының жалпы ұзындығы 559 шақырымды құрайды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте аудан әкімі Рахымжан Шалбаев мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Рахымжан Шалбаевтың айтуынша, аудан орталығы Бейнеу ауылында жазғы маусымда электр энергиясына түсетін жүктеменің нормативтен екі есе артуына байланысты энергия тапшылығы байқалады. Осы мақсатта қосалқы станция салу жоспарланып отыр.
- Бейнеу ауылында аталған мәселені шешу мақсатында қуаты 35/6 кВт болатын жаңа қосалқы станция салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Сараптама қорытындысы осы жылдың наурыз айында дайын болады деп күтілуде. Ал аудан бойынша электр желілерінің жалпы ұзындығы 608 шақырымды құрайды, - деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, брифинг барысында әкім аудан тұрғындарының 97,7 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілгені атап өтті. Тек Сарға ауылында орталықтандырылған су жүйесі жүргізілмеген. Аталған елді мекенде су тазарту имараты мен кентішілік су құбырын салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде жұмыстардың 60 пайызы аяқталды.