Маңғыстауда алдағы күндері ауа райы қолайсыз болады
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Маңғыстау облыстық филиалы өңірде алдағы күндері қолайсыз ауа райы болатынын ескертті, деп хабарлайды otpannews.kz.
«Қазгидромет» мәліметінше, 13–16 қаңтар аралығында облыс аумағында ауа райы тұрақсыз болады. Жаңбыр жауып, арты қалың қарға ұласуы мүмкін, сонымен қатар қатты жел, боран, көктайғақ және ауа температурасының күрт өзгеруі күтіледі.
- Мұндай метеожағдай республикалық маңызы бар автожолдарда қозғалыс қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етуі ықтимал. Қолайсыз ауа райы әсіресе Бейнеу және Маңғыстау аудандарында болады деп болжанып отыр. Бұл аудандарда жаңбыр мен сулы қар жауып, әсіресе түнгі және таңғы мезгілде көктайғақ қаупі артуы мүмкін. Осыған байланысты жол қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Қазіргі таңда республикалық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарына 44 арнайы техника мен 100-ге жуық қызметкер жұмылдырылды. Жауапты кезекшілер бекітіліп, жол жағдайына тәулік бойы бақылау жүргізіледі, - деді «ҚазАвтоЖол» ҰҚ Маңғыстау облыстық филиалы.
Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы тәулік бойы 1403 колл-орталығы қызмет көрсететінін хабарлады. Аталған нөмірге хабарласу арқылы тұрғындар жолдың жағдайы, қозғалысқа қойылған шектеулер туралы ақпарат алып, қажет болған жағдайда көмек сұрай алады.