Otpan News Logo

Еділ Жаңбыршин Маңғыстауда бизнес өкілдерін алаңдатқан мәселелерді талқылады

Еділ Жаңбыршин Маңғыстауда бизнес өкілдерін алаңдатқан мәселелерді талқылады

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өңір кәсіпкерлерімен кездесті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Кездесуге «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Энергетика министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Халықаралық машина жасау орталығының басшылығы қатысты. Жиын отандық тауар өндірушілерді толғандырып жүрген өзекті мәселелерді ашық талқылайтын маңызды алаңға айналды.


Басқосуда Еділ Жаңбыршин қазақстандық кәсіпкерлердің алдында тұрған негізгі түйткілдерге тоқталып, олардың туындау себептері мен ықтимал салдарын жан-жақты түсіндірді. Әсіресе, 2025 жылы қабылданған отандық тауар өндірушілер реестрінің жұмыс істеу тәртібі, сондай-ақ ірі мұнай-газ операторларының импортты оқшаулау, яғни жергілікті өнім үлесін арттыру бағытында атқарып жатқан шаралары кеңінен сөз болды.


Сонымен қатар, депутат шикізатты пайдалану тетіктері, аренда төлемдерінің мөлшері, реестрге тіркелу талаптары, онлайн платформалар арқылы құжаттарды жүктеу, халықаралық сертификат алу секілді кәсіпкерлерді алаңдатқан мәселелерді атап өтті. Ол бұл түйткілдерді шешудің нақты жолдарын ұсынып, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері арасындағы өзара тиімді диалогтың маңызын атап көрсетті.


Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, отандық өндірісті жүйелі қолдау – зауыттардың тоқтап қалуына жол бермей, жұмыс орындарын сақтаудың және өңір экономикасын дамытудың басты кепілі. Кездесу соңында кәсіпкерлер өз ұсыныстарын білдіріп, көтерілген мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.

75
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!